Фото: GOV.kz

Ұнды фортификациялау ұнды тарту кезінде аз мөлшерде дәрумендер мен минералды кешенді қосу процесі. Бұл өнімнің сапасы мен қоректілік құндылығын арттыруға мүмкіндік береді. Фортификация процесі кезінде жоғары және бірінші сұрыптағы бір тонна ұнға 150 грамм темір, мырыш қоспалары, фолий қышқылы мен В тобының дәрумендері қосылады. Қоспа элементтері тағамдық сапаны арттырады, бірақ ұнның органикалық және басқа да қасиеттеріне әсерін тигізбейді және жанама құбылыстарды туғызбайды.

Бидай –әлемде аса өріс алған дәнді егіс, ал ұн – көпшілік тұтынатын аса әмбебап және күнделікті өнім болып табылады. Осы себепті бидай ұнының жоғары және бірінші сұрыптарын фортификациялау адам ағзасы үшін темір мен дәрумендер тапшылығының орнын толтыру мәселесін шешуде қолайлы, тез және экономикалық жағынан тиімді. Бидайдың табиғи құрамы тиамин, рибофловин, пиридоксин, Е дәруменіне, ниацинге, сонымен қатар темір мен мырышқа бай. Алайда осы қоректік заттар бидайдың сыртқы қабығында жинақталғандықтан, ұнды тарту кезінде олар өз құрамын жоғалтып алады. Бұл ретте ұнды фортификациялаудың көп көмегі тиеді. Денсаулық сақтау мен қалпында ұстау үшін нан-тоқаш өнімдерін дайындау кезінде тек фортификацияланған (дәрумендермен байытылған) ұнды қолдану маңызды.

 Сауда жүйелерінде ұн және кондитер өнімдерін сатып алған кезде өнімнің қандай ұннан жасалғаны туралы қызуғышылық білдіріп, сұрау керек және сатып аларда қаптамасында фортификацияланған деген жазудың болуына назар аударған дұрыс.

Адамның денсаулығына қаупі бар проблемалардың бірі – ол ас үлесіндегі темір мен фолий қышқылы сияқты дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі. Сондықтан фортификацияланған ұнды пайдалануды үрдіске айналдыруға мән бергеніңіз жөн.

Қызылорда облысының аумағында нан және нан өнімдерін шығаратын 50 нысан есепке алынған, оның 8-і кондитерлік өнімдерді өндіруші кәсіпорын, ұн өндірумен айналысатын кәсіпорындар мен зауыттар есепте жоқ. Облысқа ұн Астана, Көкшетау, Қарағанды, Шымкент, Орал өңірлерінен және көршілес Ресей мемлекетінен жеткізіледі. Негізінен тасымалданатын ұн қала, аудандардың сауда дүкендері арқылы халыққа таратылады. Облыс деңгейіндегі наубайханаларда, асханаларда және ұн сатумен айналысатын сауда орындарында жоғары және бірінші сұрыптағы фортификацияланған ұнды енгізу қажеттілігі туралы санитариялық-ағарту жұмыстары жүйелі жүргізіледі.

Ерлан Ұзақбаев

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!