Әлемде түрлі мамандық бар. Бірі заман ағынымен дамыса, енді бірі назардан тыс қалып, жойылу үстінде. Мамандық таңдау – өмірлік жолыңды табудағы ерекше кезең. Қалт шешім қабылдауға болмайтын шақта түлектер өзін әр қырынан сынайды. «Оның болашағы бар ма?», «келешекте әкелетін табыс көзі қанағаттандыра ма?» деген сауалдарға жауап іздейді.

Алайда технология қаншалықты тез дамығанмен, адам жанын адамнан артық ешкім ұғып бақпайды. Мәселен, жыл сайын қарқынды түрде психология мамандығы бойынша кадрлар даярланып, адам өмірінің әрбір сатысында аянбай қызмет етуде. Бірақ бұл саладағы жұмыс көзі аздық етеді немесе жалақының жыртықты жамауға келмейтін мөлшері қынжылтады. Оқыған мамандықтан пайда таппаймын, нәпақамды басқа жолмен іздеймін дейтін жас мамандар пікірі көп. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылғы статистикасында жұмыссыздар санын жоғары білімді педагогика және психология мамандары толықтыратынын атап өтті.
Әлемдегі үздік 5 мамандық қатарынан табылатын психологияның болашағынан үміт күтетіндер толассыз. Шырғалаң күйзелістен көз ашпаған жандардың емі психология қаншалықты қажеттілік туындатады?
«Психология – келешектің мамандығы, адамды зерттейтін жас ғылым. Яғни ізі өшпейді, ал беделі күннен күнге арта бермек. Себебі заман дамыған сайын адам жанына араша түсетін жандар да көбеюі тиіс. Қарбаласқа толы өмір, стресс пен уақыттың тапшылығы адамның күйзелісте болуына ықпал етеді. Осы тарапта психологтар көмек беруге дайын. Неге екені белгісіз психолог мамандығына оқуға түсу ең керемет шешімдердің бірі болды. Тән мен жан егіз демеуші ме еді, адам жанына шипа, жаңа дем берсем екен деймін. Өз мамандығымды сүйіп оқимын, барлығы талап-ізденісіңе байланысты», – дейді психология және педагогика мамандығының 2 курс студенті Аружан Рүстемқызы.
Жұмыс таппаймын деген қорқынышы бар немесе қарекетсіз жүрген көптеген жас маман жұмыспен қамту орталықтарының табалдырығын тоздырып жүргені белгілі. Жұмыссыздық заманның дертіне айналды десек те қате емес. Бірақ та қандай да болсын мекемеде психологтарға арналған кадрлар көзі жеткілікті делінген.
«Психология мамандығымен жұмыс табылмайды деген пікір дұрыс емес. Себебі оқу бітіргеннен соң 1 айдың көлемінде мамандықпен жұмысқа қабылдады. Білім саласы, медицина, құқық қорғау органдары да психологтарға зәру. Дін, саясат, ғылым, тіптен қаржы саласының қызметкерлері үшін таптырмас мамандық. Мен көптеген тренинг-семинарларға қатыстым. Сондай-ақ психологиялық курстар ашып, пайда көзін табуға мүмкіндік мол екеніне көзім жетті. Қандай сала болсын психологтарға жұмыс табылады, тек ізденіс үстінде болып, оқу қабырғасынан бастап жақсы жетістік көрсету қажет. Сонымен қатар психология ғылымына жіті назар аударып, квалификацияланған маман­дарды дайын­дауға күш салу қажет. Білікті маман қай кезде бол­сын сұранысқа ие», – деді жас маман Мадияр Қаржаубай.
Жұмыссыздықтың ең үлкен себептерінің бірі – жалақының аздығы. Бұл маманның айлық көрсеткіші алақанға жұғын болмайды деген пікірлер аз емес-ті. Жілігі татымайтын мамандықта табыс қанша?
«Психологтардың жалақысы әр жерде әртүрлі. Қаншалықты таптырмас маман болға­нымызбен, айлық жан жады­ратпайды. Жарнама, PR саласының маман­дарына қарағанда жалақымыз ат төбеліндей ғана. Кейбір психо­логтар айына 100-150 мыңдап тапса, бірен-сараңы ғана 200 мың теңге табыс табады. Ал жұмысқа енді тұрған мамандар туралы сөз қозғау тіпті қорқынышты. Ең көп деген айлық 300 мыңға жетер-жетпес, оның өзі көңіл көншітпейді», – дейді психолог Аружан Ордабай.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!