Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадам. Мамандық – әрбір адамның сүйсіне жасайтын ісі, ертеңгі болашағы. Ал әр адамның негізгі мақсаты екі таңдаудан қателеспеу. Оның бірі жар таңдау болса, енді бірі мамандық таңдау. Бұлай айтылуыныңсебебі – сенің болашағың сенің таңдауыңмен тығыз байланысты болады.
Адам мамандықты жүрек қалауы бойынша таңдауы керек. Өз ісін жақсы көріп, жауапкершілікпен атқарғанда ғана сол саланың мақтанышына айнала алады. Мамандық таңдау оқып, білу мен бір жапырақ қағаз алу ғана емес. Өмір жолыңды дұрыс таңдау. Сондықтан болашаққа қадам басарда «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, әрі зейінді болуы қажет.
Әлемде 40 мыңға жуық мамандық түрі бар. Ал мен журналист мамандығына тоқталдым. Журналистика – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Бұл өткен дәуірде, қазіргі кезде, келешекте де өз құндылығын жоғалтпайтын мамандық.
«Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады» дейді орыс ғұламасы Н.Михалковский. Менің ойымша, журналист басқа мамандыққа ұқсамайтын ерекше мамандық. Ол шығармашылықтың асқар биігі. Адамда журналистикаға деген нағыз сүйіспеншілік болса ғана ол өз саласының білгірі болады деп ойлаймын.
«Журналист болғым келеді» деген ой маған ғайыптан немесе ата-анамның қалауы бойынша келген жоқ. Қазір жүректегі «журналист боламын» деген жалын оты бала кезімнен жүрегімнің түкпірінен өз орнын алды. Бірақ мен де мұғалім немесе халықтың өмірін құтқаратын ақ халатты абзал жан боламын деп ұзақ жүрдім. Дегенмен уақыт өте журналист болуға толыққанды бел будым. Бұл мамандық сауаттылықты, әдеби тілді және тіл байлығын қажет етеді. Әрдайым газет-журналдарды, әдеби кітаптарды оқи отырып, менің де құлшынысым күннен күнге артып келеді. Уақыт өте бұл арманым алға қойған мақсатыма айналды. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, журналист тыңдарманды өзіне сендіру үшін ең алдымен өзіне-өзі сенімді болуы керек. Өзімді шыңдау үшін қала ішіндегі шеберлікке үйрететін ұйымдарды іздеуге кірістім. Менің ізденісім зая кетпей, қаладағы оқушылар сарайының «Жас тілші» атты шығармашылық үйірмесінде өз білімімді дамытып келемін.
Журналистика – қиын және қызықты мамандық. Шыдамдылықты, батырлық пен тапқырлықты қажет ететін сала. Дегенмен журналистиканың қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Бұл бағыттың барлық қыр-сырын біліп, тереңінде жатқан асыл қазынасын теру – білікті маман иесі болу жолындағы басты қадам. Болашақта өз ісімнің шебері болу үшін осы бастан еңбектенуім қажет. Себебі менің арманым – менің болашағым.
Нұрсезім БАХЫТЖАНОВА Қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Жас тілші» үйірмесінің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!