Маңғыстау облысында әскери міндетін өтеп жүрген сарбаздың ақыл-есінен адасуына қатысты күштік құрылым басшылары түсінікте берді.

Отан алдындағы әскери міндетін өтеуге шақырылған Талғат Айтмұханов есімді сарбаз 18 мамыр күні психикалық ауытқушылық байқылды деген желеумен аурухана жеткізілген, деп хабарлайды Экспресс К.

Оның мұндай күйге қалай түскені белгісіз.

Желіде сарбаз туралы бейнежазба тарап, оның аурухана төсегінде ес-түссіз түрлі әрекет жасап жатқан байқалады. Ол мерзімді әскери қызметке мамыр айының басында шықырылған. Арада екі апта өткенде адам сенгісіз күйге түскен.

Жатқанына бір сағат болды. Содан бері тек сілкініп жатыр. Өзінен өзі осылай істей береді. Себебін білмейміз. Жұлқынады, тыныш жата алмайды,

— дейді бейнежазбаға түсіріп тұрған адам.

Әлеуметтік желіде кеңінен талқыға түскен соң бұған қатысты Маңғыстау облысындағы 25 744 әскери бөлімінің басшылығы пікір білдірді. Олардың сөзінше, мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздың психикасының бұзылуы туралы бір күн бұрын белгілі болған. Алайда сарбазды тексеру кезінде айтарлықтай ақау байқалмаған.

«18 мамыр күні 25 744 әскери бөлім басшылығы борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Талғат Айтмұханов айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз әрекет көрсетіп, өзімен өзі сөйлесіп жүргенін байқаған. Болған жағдай туралы сарбаздың ата-анасына хабарланды. Сарбазды медициналық тексеруден өткізу үшін облыстық ауруханаға жеткізді. Тексеру кезінде сарбазға мидың магниттік-резонанстық томографиясы жасалды. Дене жарақаты мен қауіпті потологиялар анықталған жоқ. 19 мамыр күні мамандар қайта тексеру жүргізеді. Әскери міндетін өтеушіні медициналық комиссиядан өткізіп, одан әрі әскерге жіберу үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге мәжбүрлеп жеткізуге қатысты ақпарат нақты емес. Талғат Айтмұханов 4 мамыр күні белгіленген тәртіппен шақыру қағазын алған. 11 мамырда шақыру пунктіне келді», — деді 25744 әскери бөлім командирінің бірінші орынбасары-штаб бастығы, гвардия подполковнигі Жаныбек Кұранбеков.

Күштік құрылым басшылығының сөзінше, қазір сарбазға қатысты жан-жақты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Әскерге шақыру кезінде Талғат Айтмұханов қарулы күштердің қатарында қызмет өтеуге өтініш білдірген көрінеді.

Медициналық тексеруден өткенде денсаулығына ешқандай шағым жасаған жоқ. Оқиғаға қатысты әскери полиция тексеру жүргізіп жатыр,

деді Жаныбек Кұранбеков.

Сарбаздың алдағы жағдайы қалай болары белгісіз. Денсаулығына байланысты комиссия шешімі бойынша мерзімінен бұрын әскерден босатыла ма, әлде ем қабылдап, ары қарай міндетін жалғастыра ма, әзірге белгісіз.

Экспресс К бұған дейін Маңғыстаудағы әскери бөлімде қызыордалық сарбаздың ақыл-есінен адасқан күйі қайтқаны туралы жазды. Кейін Маңғыстау облысынан әскерге аттанған Отарда қайтыс болған Әлібек Қалбай қайтыс болды. Одан бөлек, 14 мамырда Ақтаудағы 6656 әскери бөлімінің сарбазы үш күн бойы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен болатын. Соңынан жоғалған сарбаз қаладағы полиция пунктіне өзі келді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!