Маңғыстау облысындағы Құрық ауылының маңында жарылыс дауысы естіліп, кейін түтіні аспанға көтерілген. Бұл жағдайға қатысты Ақтау әскери гарнизоны пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Куәгердің басылымға хабарлауынша, кеше, 22 маусымда ол Құрық ауылының маңынан өтіп бара жатқанда тарс еткен дауысты естіген. Куәгердің айтуынша, тарсылдан кейін көлігі қозғалып, түтін аспанға көтерілген. Кейін Ақтау гарнизонының баспасөз қызметінің басшысы басылымға хабарлап, «Оймаш» оқу полигонында 19-30 маусым аралығында қоймаларда әрі қарай сақтауға қауіпті оқ-дәрілерді жою бойынша жоспарлы іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтқан. «Осыған байланысты Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының тұрғындарына утилизация кезінде тасылдаған дыбыстар естілетінін ескертеді. Бірақ олар жергілікті тұрғындарға қауіп төндірмейді. Утилизация кезеңінде барлық қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды», – деді ол. Еске салайық, 2021 жылдың тамыз айында Жамбыл облысында Тараз маңындағы оқ-дәрі қоймасында ірі жарылыс болып, өртке ұласқан болатын. Оқиға салдарынан 100-ден астам адам жарақат алған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!