Маңғыстау облысында полицейлер нәрестені сатпақ болған екі әйелді ұстады.Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жаңа туған нәрестені саудалау фактісі бойынша жедел ақпарат келіп түскен.

“4 мамыр күні сағат 13:00 шамасында облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша жаңа туған сәбиді сатып, ақша алған 35 жастағы күдіктіні ұстады”, – деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында заттай дәлелдер табылған.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері жаңа туған нәресте тапсырылған 38 жастағы күдіктіні ұстады.

Жаңа туған нәресте сот шешімі шыққанға дейін Ақтау қаласының облыстық мамандандырылған балалар үйіне орналастырылды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерден мойындау жауаптары алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!