Фото: Қоғамдық коммуникация орталығынан
Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZINFORM.
Оның айтуынша, Шетпе ауылының тұрғындары елді мекеннің жанындағы карьерлердегі жарылыс жұмыстарының дүмпуінен, шаң-тозаңнан және ауыр көліктердің қозғалысынан туындайтын экологиялық, материалдық мәселелерге көп жылдан бері шағымданып келеді.
Соған сәйкес, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы биылғы жартыжылдықта карьерлердің жұмысын бақылау мақсатында, арнайы сынама жүргізген. Тексеру барысында 16 нүктеден алынған 66 сынаманың барлығы экологиялық нормаларға сәйкес келген.
Бірақ, басқарма тарапынан 2023–2024 жылдар аралығында Шетпе ауылы маңындағы қиыршық тас өндіретін кешендерге жоспарлы мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде, келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған 7 карьер мен экологиялық заңнама талаптарын бұзған 11 карьер анықталды.
— Аталған кәсіпорындарға 2025 жылғы шілде айында ресми ескерту хаттары жолданып, үш ай ішінде анықталған заң бұзушылықтарды жою талабы қойылды. Заң талабына сәйкес үш ай мерзім ішінде жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттың және лицензияның бұзылған талаптарын қалпына келтірмеген жағдайда, жер қойнауын пайдалануға берілген лицензиялар қайтарылып, келісімшарттары біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылатын болады, — дейді басқарма басшысы Сәбит Дүйсекенов.
Сәбит Дүйсекеновтің айтуынша, қазір ауыл аумағында 25 жер қойнауын пайдаланушы мекеме тіркелген. Оның ішінде 20 кәсіпорын келісімшарт негізінде, ал 5 кәсіпорын лицензия негізінде жұмыс істеп жатыр. Жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан заңсыз өндіру жұмыстарын жүргізгендігі анықталған жағдайда оларға — 110 000 000 теңге айыппұл салынады.
— Шетпе ауылы маңындағы карьерлердің қызметін тұрақты бақылау мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдары, уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар кіреді. Бұл жұмыс тобы жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінің заң талаптарына сай болуын қадағалайтын болады. Егер бұзушылықтар жойылмаса, тиісті шаралар қабылданып, заңға сәйкес карьерлерге шектеулер енгізіледі, — дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!