Ертеңгі күні ел тұтқасын ұстайтын жастардың заман ағымына сай сапалы білімді, қоғамның қай саласында болсын жан-жақты болуы маңызды. Арал ауданындағы «Жaстар рeсурстық oрталығы» аталған маңызды мiндеттерді абыроймен атқаруға күш сaлып кeледі. Бұғaн бiз өңірдегі Жaстар ресyрстық oрталығының директoры Абай Әбілбаевпен сұхбаттасy бaрысында тaғы бiр мәрте көз жеткiздік.
− Абай, қазіргі кезде орталықта жүргізіліп жатқан жұмыстың қарқыны қандай? Өзіңіз келгелі қaндай бaғыттарға бaсымдық бeрудесіз жәнe қoлға aлынған жoбалар қaншалықты нәтижелi?
− Алдымен баршаңызды жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңадан грант иегері атанған жастарға оқуда сәттілік тілеймін! Қазіргі таңда статистикалық мәліметке сәйкес ауданда 19 мыңнан аса жас бар. Бұл жалпы халықтың 24,2 пайызын құрайды. Жыл басынан бері орталық мемлекеттік жастар саясаты аясында 12 бағыт бойынша жоба әзірлеп, жұмыс атқарып келеді.
Атап айтар болсақ, «Жас маман» жобасы бойынша – 11 кездесу, «Дін және жастар» жобасы бойынша − 14 кездесу, «Еріктілер мектебі» жобасы бойынша − 18 мәдени-көпшілік шара, «Жастар қоғам назарында» жобасы аясында − 9 рейд жұмыстары, «Мен спортты таңдаймын» жобасы бойынша − 5 спорттық шара және «Жас кеңесші» жобасы аясында − 7 «Ашық есік» акцияларын ұйымдастырдық. Жастар саясатына келгеніме биыл алты жылдан асты. Осы уақытқа дейін жастарға арналған түрлі бағыттағы маңызды жобаларды іске асырдық.
− Жұмыспен қамту – қоғамда жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Бұл мәселені оңтайлы шешудің жолы қандай деп ойлайсыз?
− Әрине, жастарды жұмыспен қамту еліміз бойынша өте өзекті мәселе. Осы мезетте біздің орталық екі жылдан бері дайындалған, арнайы сканерленетін QR кодты жүзеге асырды. Аудан көлемінде әлеуметтік және экономикалық маңызы бар орындарға іліп, аудан тұрғындарын ақпараттандырдық және әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру бердік. Бұл жерде QR кодты сканерлеу арқылы жастар өзіне қалаған жұмысты тауып, орналаса алады. Бұл жоба өз кезегінде аудан жастарын жұмыспен қамту үшін жақсы нәтиже берді деп сеніммен айта аламын және жұмыссыздық оңтайлы шешімін тауып келеді.
− Аймақта NEET санатындағы жастарды анықтап, олармен тығыз байланыс орнату мақсатында ауқымды жоба қолға алынды. Бұл бастама аудан жастарына оң ықпал ете алды ма?
− Жалпы облыста NEET санаттағы жастарды анықтау жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілгенін білесіздер. Бірінші кезеңде облыс орталығының мамандары аудан әкімдігіне арнайы барып, салааралық байланысты нығайтуға жұмыс істеді. Одан кейін әрбір үйді аралап, адрестік жұмыстардың нәтижесінде сауалнама толтыруға күш салынды. Екінші кезеңде сауалнама бойынша орталық мамандары сараптама жүргізіп, NEET санатындағы жастардың көрсеткішін анықтады. Алдағы уақытта аталған санаттағы жастармен жеке-жеке кездесулер ұйымдастырып, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, шығармашылық қабілеттерін арттыру бағыттары бойынша жұмыс жүргізетін боламыз. Осы тұста айта кету керек, Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып NEET санатындағы жастармен жұмыс жасаудың әдістемесін дайындауда. Сондықтан NEET санатындағы жастардың санын анықтау үлкен жоба болды десек қателеспейміз. Жыл басынан бері жүргізілген адрестік жұмыстарға 450-ге жуық адам жұмылдырылып, 98 506 жастың өңірлік деректер қоры жасақталған. Барлық деңгейдегі жастар ресурстық орталықтарының бастамасымен ұйымдастырылған үй-үйді аралау барысында жастардың әлеуметтік санаттары анықталып, сауалнамаға ерікті түрде 87100 жас қамтылды. Қосымша тиісті мемлекеттік мекемелердің ұсынған 11406 жастың тізімі жинақталды. Аталған жоба өз кезегінде аудан жастарына оң ықпалын тигізді. Осы жоба арқылы аудан бойынша адрестік жұмыстар нәтижелі аяталды.
− Ауданға қарасты ауыл жастарына қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Өзіңіз шалғайдағы жастармен жиі жолығып тұрасыз ба? Оларды қандай мәселелер алаңдатады?
− Ауыл жастарымен арадағы байланыс үзілген емес. Өйткені орталық ауыл жастарына да аталған 12 бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар мәдени көпшілік шараларда да ауыл жастарын қамтуға тырысамыз. Әрине шалғайдағы жастармен жиі жолығамыз. Олардың көтеретін мәселесі де жеткілікті. Басты мәселе − жұмыссыздық. Осы тақырыпты түбегейлі шешу үшін ары қарай жұмыс істей береміз.
− Жастардың ортасында жүрген соң олардың мақсаты мен мәселелері сізге жақсы таныс. Айтыңызшы, жастардың қандай қасиеті көңіл қуантады? Қандай болмысы сізді қынжылтады?
− Арал жастарының басым бөлігі − білімге құштар, ізденімпаз. Жаңа дүниеге деген қызығушылығы жоғары. Осы арқылы ауданды әлемдік аренаға танытады деген сенімдемін. Адам болған соң көңілге қаяу салатын жағдайлар да болып тұрады. Жастардың құқықбұзушылыққа көптеп баруы бізді қынжылтатынын жасырмаймын.
− Тұлға болып қалыптасу жолында өзіңіз қалай ізденесіз? Кімдерді жиі оқисыз? Қандай жаңа дүниелерге қызығасыз?
− Тұлға болып қалыптасу үшін адам баласы білімді, жан-жақты болуы қажет. Көбіне қазақ жазушыларының шығармасын көп оқуға тырысамын. Атап айтар болсам, Абай атамыздың 45 қара сөзін оқып қана қоймай, өмірімде де жиі қолданамын. Сонымен қатар шетел әдебиетінен APPLE компаниясының негізін қалаушы Стив Джобстың кітабын жиі парақтаймын. Жаңа дүниелерге қызығу менің қаныма сіңген қасиет десем артық айтқаным емес. Өйткені жастар үшін пайдалы жобалар жасау − менің ең басты мақсатым.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!