Абай облысында «Семей орманы» резерватының қызметкерлері басшылықтан жалақыны 70%-ға көтеруді талап етіп, бас көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Семей орманы» резерватының кеңсесіне жиналған қызметкерлер жұмысқа шығудан жаппай бас тартты. Себебі алапат өрттен кейін экология және табиғи ресурстар министрі олардың жалақысын көтеруге уәде еткен.
“Олар орман шаруашылығының барлық қызметкерлерінің жалақысын көтеруге уәде берген еді. Алайда ол үстемақыны көрмедік. Қазір барлығы қымбат. Мардымсыз еңбекақымен қалай күн көреміз? Нағыз қауіпке бас тігетіндердің ақшасы өспеген”, – деді «Семей орманы» МОТР филиалының өрт сөндіру станциясының бастығы Таңатбек Мусин.
Дегенмен 1 шілдеден бастап 70% үстемақы орманшылардың бәріне бірдей қосылмапты. Тіпті кейбір қызметкерлердің маңдай тер еңбекақысы әлі 60-80 мың төңірегінде ғана екен. Әсіресе, трактор және өрт техникаларының жүргізушілері, байланыс операторлары, техникалық қызметкерлердің жалақысы мүлдем өсірілмеген. Ал резерват басшылығы еңбекақы дауына қатысты есеп-қисап жүргізілетінін жеткізді.
«Қайта есептеу өте ұзақ уақыт алады. Өйткені ұжым өте үлкен. 1300 қызметкер бар. Сондықтан есепшілер түгелін қайта есептейтін болады. Үстемақы барлық қызметкерлерге төленеді. Шамамен дүйсенбі күні түсуі мүмкін», – »Семей орманы» бас директорының міндетін атқарушы Әсемгүл Нсамбекова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!