Фото: ortcom.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігіне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алдына салалық заңнаманы жетілдіруді міндеттеді. Аталған заң аясында тәуелсіз және көпшілік қызығатын медиакеңістік қалыптасады деп күтілуде. Заң 2 жыл арнайы мамандармен пысықталып, сарапқа түсті. Мемлекет басшысы 19 маусымда «Масс медиа туралы» заңды мақұлдап, қол қойды. Ендігі кезекте ақпарат айдынындағы қарусыз майданда БАҚ өкілдерін заң қорғайтын болады. Мақаламызда медиакеңістіктің «қалқаны» болғалы тұрған заңды талқылап көрмекпіз.

Заң не үшін қажет?

Еліміздің Президенті: «Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады» деп БАҚ өкілдерінің мемлекеттің даму жолындағы қызметінің маңызды екенін түсіндірді. Цензура заманындағы қаламгерлердің кейбір құқықтары қорғалмай, заңға қажеттілік жыл сайын көбеймесе, кеміген жоқ. Заң жобасының аясында журналистердің құқықтық мәртебесі артып, олардың кәсіби қызметтерінің сапасы жақсарады деп күтілуде. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да бұл заңның қабылдануы қажет деп санап, оны былай түсіндірді:

– «Масс-медиа туралы» заңды жасау қажет болды. Өйткені 1999 жылы қабылданған «БАҚ туралы» заң моральдық тұрғыдан ескірген. 20 жылдан астам уақыт ішінде ақпараттық сала толығымен өзгерді, заңға ондаған түзету енгізілді, бірақ нәтижесінде жаңа заң жобасын әзірлеу мәселесі туындады. Халықаралық тәжірибеде зерттелген соң әзірленген заң жобасында түсініктер аппараты маңызды орын алады. Бұл медиакеңістікте жаңа коммуникация құралдарының, процестер мен терминдердің пайда болуынан туындаған қажеттілік, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Осы турасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі да өз пікірін білдіріп, журналистер мен өзге БАҚ өкілдері үшін «Масс медиа» заңы қабылдануының маңыздылығын атап өтті.

– Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ газеттерді тарататын «Қазпошта» мен қағазды бір көзден тікелей жеткізу мәселесі бойынша да алдағы уақытта келісімдерге қол жеткіземіз. Тек заңнама емес, оқыту мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет. Өйткені медиасауаттылық бәрімізге қажет. Журналистерге білім керек. Медиаға түрлі шабуыл жасалып жатады. Манипуляцияға өзіміз түсіп қалмау үшін ақ пен қараны ажырата алатын деңгейде болуымыз керек. Сондықтан қолына қалам ұстаған жандар әрдайым шындықтың жағында жүруі тиіс. Қазіргі уақытта журналистерге арналған басқосуларды көбейтіп жатырмыз. Мұның барлығы тәжірибе алмасу, біліктілікті көтеру үшін маңызды. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті, сондай-ақ ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік, – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы.

«Масс медиа туралы» заң нені қарастырады?

«Арқалағаны алтын болғанымен жантақ жейтін», нардың жүгін еңсеріп жүрген БАҚ өкілдерінің қоғамдағы орны ерекше. Осы тұста заң жобасымен қоса «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енді. Бұл ұғым аясында журналистің құқықтары мен бостандығының қорғалуы, олардың ақпарат іздеу және сұратуы, алу және таратуы «Масс-медиа туралы» Заңда бекітілген. Жалпы саны 8 тараудан тұратын заңнамада 70 бап қарастырылып, оның әрқайсысында бірқатар тың ереже енгізілген. Заң жобасына шолу жасап өтейік. Бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет- ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі ауқымы кең ұғым енгізілді. Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын бірыңғай медиа платформа құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өзге мемлекеттердегі БАҚ өкілдері мен олардың журналистерін аккредиттеу рәсімі жаңартылды.

Сенімділігі секем тудыратын және азаматтардың қадір-қасиеті мен ар-ожданына нұқсан келтіретін, іскерлік беделіне кері әсерін тигізетін мәліметтерді тексеру уақыты БАҚ-қа жарияланған күннен бастап 1 жыл деп бекітілді.

Журналистердің мекемеден ақпарат ала алмай, сабылып жүретін кездері аз кездеспейді. Мекемелерден жауап алу уақыты бұрын 15 күн болған еді. Алайда қазір ақпарат ағыны тез, жаңалық жылдам ескіреді. Мәліметтің растығы мен аздығы әрбір тілшінің жұмысына кедергі болды. Десек те заң аясында бұл сауал бір жақты болды. Ендігіде БАҚ өкілі талап еткен ақпаратты сұратуларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осылайша жаңа және өзекті ақпарат таратуға мүмкіндік туады.

Содан кейін журналистің әдеп кодексін әзірлейтін қоғамдық- кәсіптік кеңестер құру жоспарлануда. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейде құрылуы мүмкін. Мемлекеттік емес БАҚ-қа гранттар қарастыру, аккредиттеудің тиімді тәртібін оңтайландыру арқылы журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу, сондай-ақ басқа да міндеттері орындау жүктеледі. Осы орайда қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты да қаржыландыру тұстары жетілдірілді.

– Бұл жерде гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдіріледі деп көрсетілген. Яғни мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру гранттары жөнінде. Әлбетте, грантты алған соң, оның талаптарын келісім-шартқа (егер болса) сәйкес орындау қажет. Бүгінге дейін мемлекеттік БАҚ болсын, тәуелсіз БАҚ болсын мемлекеттік тендерге қатысып келеді. Екіжақты келісімдер жасасып, тапсырыс беруші өз талаптарын ұсынады. Орындаушы қаржылық келісімге келген соң оны орындайды. Дегенмен мемлекеттен қаржыландырылса да, өздерінің қажет деп тапқан, қоғамға керек жұмыстарын ұсынған БАҚ өкілдері де кездеседі. Мемлекеттен қаржыландырылмаса да, қоғамдық мәселелерді көтеріп, кейде мемлекеттік саясатты да насихаттайтын агенттіктер де бар. Таңдау құқығы әркез бар. Мыңдаған интернет-ресурс, платформа бар. Әрқайсысының жолы, таңдауы әртүрлі. Бір азаматтарға грант қажет болса, енді біріне оның керегі жоқ. Сондықтан «барлық БАҚ биліктің аузына қарап отырады» деп айта алмаймыз. Тәуелсіз мақалалар, объективті сараптамалар әркез қоғам сұранысы болғандықтан барлық медиа-ресурс бұл бағытта жұмыс істей береді деп ойлаймын. Ал ақпараттық даму қандай жағдай болмасын үздіксіз жүре беретін глобалды процесс, – дейді Қолданбалы саясат мектебінің ғылыми қызметкері, саясаттанушы Назерке Еркінқызы.

Қазақ тілінің мәртебесін күйттеген зиялы қауым, журналистер үшін қуанышты мәлімет: ұлттық теле-радио хабарларын тарату құқықтарын қорғауды көздеген мемлекеттік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50%-дан 60%-ға дейін көбейді. Яғни 2025 жылы қазіргі көрсеткіш 55%-ға дейін, ал 2026 жылы 60%-ға дейін ұлғаяды. Сәйкесінше шетелдік теле-радио бағдарламаларды ретрансляциялау көлемі 20%-дан 10%-ға дейін төмендетілді.

Сондай-ақ тыйымдар арасында суицидке бейімдейтін немесе оны дәріптеп, өз-өзіне қол жұмсаудың жолдары мен оған үндейтін ақпараттарды тарату да бар.

Қоғамның айшықты да өзекті проблемаларын көрсетуді, оны шешуді көздейтін журналистер қауымының жұмыс сапасы аталған заң жобасымен дамуы тиіс. Ал бұл өзгерістер отандық медиа кеңістіктің ілгерілеуіне, елдің ақпарат саласының көш бастауына мүмкіндік береді. Аталған заң жобасы аясында көптеген өтініш-тілек орындалады деп күтілуде. Оған үміт артып отырған қаламгерлер де жеткілікті. БАҚ өкілдерінің осы күнге дейінгі «мәселелері» оңтайлы шешімін тауып, тілшілер жүгінген органдар да заң аясында журналистердің жұмысына еш кедергі келтірмейді деп үміттенеміз.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!