Қаламның қасиетін ұғынып, сөз өнерімен қоғамның жүгін арқа­лаған бұқаралық ақпарат өкілдеріне қатысты таяуда «Масс медиа туралы» заңының жобасы әзірлен­ген болатын. Аталған заң жобасы бүгінде қызу талқыға түскен. Журналистердің жолын аша ма, әлде кесе көл­денең кедергі бола ма?! Бұл бағытта әріптестермен пікірлесіп, олардың ойын білдік. Назарларыңызға ұсы­нып отырмыз. Айтпақшы, аталған заң жобасының бір ерек­шелігі, мұнда ресми БАҚ өкілдерімен қатар онлайн платформа қолданушыларды да ресми түрде тану керегі көзделген.

«Масс-медиа туралы заң»:<br>Қаламгерді қолдай ма, әлде қолдау болмай ма?

Нұржан Мұхамеджанова, журналист,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазір біздің қоғам үшін өте маңызды уақыт. Біздің бұқаралық ақпарат құралдары үшін де сондай беймаза кезең. Өйткені дәл қазіргі кезде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жаңа «Масс медиа туралы заң» жобасы талқылануда. Барлық журналист әріптестерімді де, журналистика факультетінің студенттерін де осыған немқұрайлы қарамай, жауапкершілікпен атсалысуға шақырар едім.
Себебі бұл ертеңгі күні өзіміз қызмет ететін, өзіміз жұмыс істейтін кезеңнің заңы болып қабылдануы тиіс. Өйткені қазіргі кезең осыдан он жыл бұрынғыға мүлдем ұқсамайды.

«Масс-медиа туралы заң»:<br>Қаламгерді қолдай ма, әлде қолдау болмай ма?

Мұрат Жетпісбай,

«Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі:

– «Бұл заң бұрынғы заңнан өзгерек». Біраздан бері көптің талқысына түскен «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасына қатысты әріптестеріміздің ұсыныс-пікірлерімен танысып келеміз. Байқағанымыз, жобада қазіргі қолданыстағы «БАҚ туралы» заңмен салыстырғанда көп өзгеріс бар.
Менің ойымша, заң шеңберінде мемлекеттік ақпараттық тапсырысты гранттық қаржыландыру, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымдарын субсидиялау секілді бастамалар ең әуелі өңірлік басылымдар үшін үлкен қолдау болмақ. Осыған дейін теле-радио хабарларын таратудағы мемлекеттік тілдің үлесі жайлы да аз айтқан жоқпыз. Бұрын бұл талапты түрлі айла-шарғымен айналып өтетіндер көп еді. Жаңа заң жобасында осы мәселенің басы ашылыпты. Енді өзге тілдегі теле-өнімдерді қазақ тіліндегі субтитрмен көрсетіп, есепке жатқызу заңға томпақ болады.
Тағы бір жаңалық – баспасөз картасы. Бұл журналистің мәртебесін белгілеп, журналист пен блогерді ажырату үшін берілетін сияқты. Мұны әлде де жетілдіріп, баспасөз картасын әріптестеріміздің әлеуметтік статусын айқындаудың белгісіне айналдырса деген ұсыныс бар.

«Масс-медиа туралы заң»:<br>Қаламгерді қолдай ма, әлде қолдау болмай ма?

Нұрлан Нұрмаханов,

республикалық «Әлімсақ» журналы мен аймақтық «Ұстаз мәртебесі» газетінің редакторы:

– Әңгімені әріден бастасақ, журналист – қоғамда үлкен рөл атқаратын идеология сарбазы. Журналистің қызметі кеше-бүгін басталған жоқ. Ол өткен ғасырда қазақ санасына сілкініс жасаған Ахметтердің кезіндегі «Қазақ» газетінен бастау алды. Сондықтан, бүгінгі жаңарған қоғамда оның қызметі өзгерген жоқ. Бағыты да сол. Қоғамның дамуына үлес қосушы, осы ретте өзінің идеологиялық сөзін айтушы маман иесі. Бұрын бірнеше газет пен екі телеарна ғана жұмыс істесе, тәуелсіздік жылдары олардың саны артты. Тәуелсіз басылымдар дүниеге келе бастады. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдары дамуы кезеңін төрт онжылдыққа бөліп, қарастыруға болады. Оның әрбірінде сала мамандары ел дамуына маңдай терін төкті деп толық айта аламын. Қазір біз үшінші он жылдықтамыз. Бүгінде ақпараттық салада өзгерістер бар. Журналистердің өздері бара алмаған жерге сөзі барады. Әлеуметтік желі пайдаланушылары да өзінің мұң-мұқтажын, наразылығын білдіретін болды. Десек те, аталған заң жобасында бұл бағытты да ресми түрде тану керегі айтылған. Меніңше, бұл қате. Өйткені, оған себеп те жоқ емес. Әлеуметтік желі блогерлерін журналистер туралы заңға кірістірудің қажеті жоқ. Тіпті, кей жағдайда ресми журналисті «Сіздің фото-видеоға түсіруге құқыңыз жоқ» деп тоқтатып жатқандар әлеуметтік желі блогерлерінің алдында қауқарсыз күй көрсетіп отыр. Одан бөлек, кей төтенше жағдайда қажетті мекемеден заңды түрде сұраныс хат жолдап, журналистер кері байланысты тағатсыз тосып жүргенде әлеуметтік желіде әлдекімдердің жазған жазбасының астына әлгі журналист хат жазып күткен ақпаратты 3 минутқа жеткізбей, жауап ретінде білдіріп отырады. Бұны қалай түсінеміз?! Ал әрбір ақпаратты жариялар алдында арнайы рұқсат алып отыратын болсақ, онда сөз бостандығы қайда? Ал «Баспасөз картасы» туралы келіспеймін. Өйткені, осы картаны беру – журналистерді бағынышты етуге қадам болуы мүмкін.

«Масс-медиа туралы заң»:<br>Қаламгерді қолдай ма, әлде қолдау болмай ма?

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист:

– Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі әзірлеп, E-gov сайтында жарияланған «Масс-медиа туралы» Заңының жобасымен танысып шықтық. Бұрын ауызша Баспасөз туралы заң деп айта беруші едік, бұл жоба «Масс-медиа туралы» деп аталыпты. Жоба үстіміздегі жылғы 2-ақпанда ұсынылыпты да талқылау 16-наурызға дейін жалғасады екен. 70 баптан тұратын жоба ұзақтау көрінген. Сөйтсек бұл жоба іс жүзінде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі Заңды бір атаумен біріктіріп отырғаны байқалады.
Жобаның басты артықшылығы мұнда журналистің құқықтары мен міндеттері барынша нақтыланып, журналист мәртебесі тұңғыш рет белгіленіліпті. Отыз жылдан бері айтып жүрген мәселеміз. Ол үшін журналистерді басқа жазғыштардан ажырататын «пресс карта» енгізілуі де мен үшін құптарлық қадам. «Баспасөз картасы» журналистік жоғары білімі бар, БАҚ-та кемінде үш жыл, дипломы жоқтарға кемінде бес жыл тәжірибесі бар азаматтарға беріледі. Бұл әрі қарай журналист мәртебесін иеленгендердің әлеуметтік жағдайын шешуге де ықпал етсе жақсы болар еді.
Әрине, мұндай қағидалар блогерлерге, интернет ресурстарда жұмыс істейтіндерге жақпауы мүмкін. Меніңше оларға арналған басқа заң жобасы әзірленгені дұрыс болар еді.
Қосымша айтарым, уәкілетті органның бақылау-қадағалау қызметін демократиялық талаптар ескеріле отырып жасалғаны дұрыс па деймін. Осы тұрғыдан алғанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің мәселелері жөніндегі республикалық және өңірлік қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру (41 бап) қажеті бар ма деген ой келеді. Әрине, жобаның ұсақ-түйек кемшін тұстары болуы ықтимал. Жалпы алғанда бұл жоба алдағы уақытта масс-медиа саласының жемісті жұмыс істеуіне әбден жарап тұр. Сондықтан қаламдас әріптестер, жобаға қолдау көрсетейік!

«Масс-медиа туралы заң»:<br>Қаламгерді қолдай ма, әлде қолдау болмай ма?

Гүлжазира Жалғасова,

облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары:

– Жаңа заңның жаңалығы – «Баспасөз картасы» туралы алдымен Ашық НҚА ресурсынан оқыдым. Бұл картаны уәкілетті орган «Журналистика» мамандығы немесе соған байланысты мамандық бойынша жоғары білімі, бұқаралық ақпарат құралдары саласында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі бар маманға беретінін білдім. Дипломы болмаса, бұқаралық ақпарат құралдары саласында кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі құпталады екен.
Шынымды айтсам, заң жобасындағы «Егер журналист редакциямен еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартын бұзса, үш жұмыс күні ішінде баспасөз картасын беру жөніндегі комиссияны жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді және шарт бұзылған сәттен бастап үш ай ішінде жұмысқа орналасуға міндетті» деген тұсын түсінбедім.
Бұл бастаманың қалай іске асатыны бізге беймә­лім, бірақ журна­листердің мәртебе­сіне, әлеуметтік жағдайына қатысты оңтайлы шешім қабыл­данатынына сенгім келеді. Талқылау­дағы бір пікірде «Жыл сайын маусым­ның соңын­дағы кәсіби мерекеде «Журна­листің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген Шерағаңның әйгілі сөзін Наурыз мерекесінде сандықтан шығарып киетін ұлттық киім сияқты беткеұстар етіп айтамыз да қоямыз» делінген. Ащы болса да, шындық – осы.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты республикалық деңгейде іске асыру үшін берілетін гранттар да жаңа заңның жаңалығы деуге болады. Гранттық қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу ұсынылған. Іске асырудың негізгі қағидаттары – грант бөлу кезінде мемлекеттің қатысуын қысқарту және барынша ашықтықты қамтамасыз ету, оның ішінде гранттың іске асырылуын мониторингтеу тетігін енгізу. Сондай-ақ саланы қолдау шаралары ретінде субсидиялар бөлу жоспарланып отыр.
Жобаны жасаушылардың болжамынша, бұл заң еліміздің масс-медиа қызметі үшін құқықтық негіздер жасап, саланы реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық жаңартуға мүмкіндік береді. Заңды қабылдаудың теріс әлеуметтік-экономикалық салдары болмайды, ол БАҚ тәуелсіздігін, қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бәсекеге қабілеттілігін арттырады, журналистердің мәртебесін көтеруге, БАҚ-қа сенімнің артуына, қаржыландыру көздерінің ашықтығын қамтамасыз етуге негіз болады.
Бұл заңның атауынан басқа тағы қандай өзгерістері қоғамға, салаға не жаңалық ұсынатынын уақыт көрсетеді.

Яков Федоров,

ҚР Мәжілісінің кандидаты:

– Сөз бостандығы ешқашан шектелмеу керек. Тек бір ғана жағдайда шектеу қоюға болады. Егер де мемлекетіміздің қауіпсіздігіне, бірлігі мен біртұтастығына қауіп төндірер жағдайда ғана шектеу қойылуы керек. «Масс медиа туралы» Заң жобасында байқағаным, бұл заң жобасы мемлекеттік мекемелерге ғана тиімді. Бірақ, олар журналистиканың әлдеқашан алға дамып, ілгерілеп кеткенін ұмытып кеткен сияқты. Қазақ журналистикасы әлдеқайда алға шықты. Небір стренгер, фрилансерлер бар. Олар нағыз азаматтық қоғамның мұң-мұқтажын жеткізіп, елдің жоғын айтып жүрген жандар. Ал егер қатаң шектеу қойып тастаса, олар өзінің негізгі мойынға алған міндетін орындай алмайды. Блогерлер де сол тәрізді. Қазір «Еститін ашық үкімет» ұғымы кеңінен қолданылады. Блогерлерге де, стренгер мен фрилансерлерге де мүмкіндік берсін. Біз оларды қысып, шектей бермеуіміз керек. Ал мемлекеттік мекемелер баспасөз хатшыларының сапалы қызметтерін ұйымдастыра білсін. Иә, бұл – негізгі мәселе. Мемлекет маманға шын мұқтаж салаларға гранттарды көптеп бөлуді қолға алсын. Азаматтардың құқы қорғалған жағдайда ғана біз өз биігімізді еңсере аламыз.

«Масс-медиа туралы заң»:<br>Қаламгерді қолдай ма, әлде қолдау болмай ма?

Асыл Оразова,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика мамандығының оқытушысы:

– Бұл заң жобасы журналистердің статусын айқындап, индустрияның дамуына белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. Қалам ұстаған қауымның ұсынып отырған түзетулері ерекше жағдайларда кәсіби қызметтерін түзете алатынын, біліктілігін арттыруда көмектесе алатынын министр атап өтті. Мен заң жобасында айтылған «Баспасөз картасы» партиялық билет тәрізді деп ойладым. Турникеттің өзі тексеріс үшін істелген нәрсе тәрізді. «Баспасөз картасында» төтенше жағдайлардағы журналистердің араласуын билік реттеп отырады делінген. Бұл «Баспасөз картасын» алу үшін журналистер журналистиканы оқу керек, бұл салада кемінде 5 жыл жұмыс істеу керек, дипломы болу керек деген талаптар бар. Ал қазір салалық журналистика деген бар. Мысалы, экономика, филология, медицина салаларын бітіріп, журналист болып жұмыс істеп жүргендер бар. Мұны біз бүгінмен емес, арғы Алаш зиялылары кезеңінен-ақ алсақ болады. Мәселен, Әлихан Бөкейханов та журналистика оқымаған, бірақ осы салада елеулі ықпал етіп, тарихта аты қалды. Осы ретте «Баспасөз картасы» жұмысқа тұру кезінде көп кедергі болатын тәрізді. Кемінде 3 жыл жұмыс істеген және сотталмаған болу керек деген бар. Бұл ретте де түрлі жағдайлар болады, қандай жағдайда сотты болды деген мәселені де пісіру керек тәрізді. Этика нормасын биліктің анықтауы деген жеріне көпшіліктің көңілі толмай тұрған сыңайлы. Ең бірінші қорқыныш, сөз бостандығының болмауы. Сөз бостандығы шектелген елге айналу қаупі де бар. Мәселен, төтенше жағдай кезінде бір жерден рұқсат алып, біреудің келісім алу керек болса, ақпаратты дер кезінде қалай жариялаймыз? Бұл енді бір ғана қарапайым мысал. Әйтсе де, министр мұның барлығы журналистердің беделін көтеріп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жасалып жатыр деді. Бірақ, жұмыс барысында мұның барлығы қалай орындалады деген сауал бар. Біз университетте сабақ беріп жүрміз. Салалық журналистиканы дамытуға назар салудамыз. Бұл іске де қолбайлау болатын сияқты. Кім қандай салаға бейім, соған барады. Бір күнде өзін тану, өзін табу мүмкін емес. Бұл өзге мамандықты алып шығып, оқу бітірген соң қабілетіне қарай журналист болуды қалайтын жастарға үлкен кедергі болатын тәрізді.

Кейбір деректерде Қазақстан әлемнің 160 мемлекетінің ішінде сөз бостандығы турасында 120-сыншы орында тұр деп көрсетілген. Әркімнің өз ұсынысы мен ой-пікірі, парасат-пайымы бар. Десек те, сөз бостандығы жоқ елдің өз бостандығы бола ма? Оны да ойлаған жөн тәрізді. Қайткен, күнде де «Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны» анық. Ал «Масс медиа» туралы заңның әлі де тек жоба екені белгілі. Әлі де талқы таразысындағы бұл құжатты қабылдарда ұтымды ұсыныстар мен талап-тілектер ескеріледі деген үміттеміз.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!