Қазақта «дау мұраты – біту» деген аталы сөз бар. Медиация тәсілінің енуінің өзі, өмір талабы. «Медиация туралы» ҚР Заңы 2011 жылдың қаңтар айында қабылданып, дауды сотта қараудан басқа да жолмен шешудің құқықтық негізін белгілеп, құқықтық ауқымды кеңейте түсті.
Медиация қызметі азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарға, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарға, қылмыстық, әкімшілік сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларға қолданылады.
Медиация рәсімінің сот жұмысына берер пайдасы өте көп. Медиацияда міндетті қағидаттардың ішінде еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық тәрізді нәрселерге жіті мән берілген.
Ертеректе, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында даулы мәселелерді шешіп, билік айтатын беделді ақсақалдар болғаны есімізде. Яғни, мұндай тәжірибе Қазақ елінің тарихында бағзы заманнан болғандығын байқауға болады. Осыған қарап, азаматтар арасында туындаған дауларды баламалы түрде шешу ісі Қазақстан үшін соңғы үрдіс емес. Өйткені, бұл міндетті кезінде данагөй билер атқарған десек қателеспеген болар едік.
Қазақ халқы «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, қандай дауды болмасын сабырлықпен, көптің қатысуымен, елдің төрелік етуімен, билердің билік құруымен шешіп отыратын. Бітім, құн беру, келісімге келу, ағайыншылық жолдарымен талай күрделі мәселенің күрмеуі шешілген. Билер алқасы арқылы дау-дамай, жанжал ғана емес, азаматтық, елдік, рулық мәні бар мәселелер кең көлемде шешіліп отырды. Әрдайым қара қылды қақ жарған әділдікті берік сақтаған халқымыздың ежелден ұстанымы осындай болған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал халықтың тәжірибесінен алынған.
Жалпы, медиацияның негізгі мақсаты – бітім. Медиация – дауларды реттеудің баламалы түрі. Үшінші тарап ретінде қатысатын медиатор дауласушы тараптардың белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі.
Сонымен бірге, бүгінгі күні татуласу тетіктері де қарқынды дамыды. Сотқа жүгінуші тараптар дауларды сотқа дейін және сотта өзара келісім арқылы реттей алады. Бұл үшін медиаторлар, бітістіруші-судьялар, Билер кеңестері дауларды бітімгершілікпен шешуге ықпал ете алады.
Бітістіруші-судьялар азаматтарға дауды бітіммен аяқтаудың тиімділіктерін жан-жақты түсіндіріп, туындаған дауды татуласу келісіммен, екі тараптардың адвокаттары болған жағдайда партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен, кәсіби немесе судья медиатордың қатысуымен медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келуге шақырады.
Ал, партисипативтік рәсім екі тараптың адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
Билер кеңесі халық арасындағы дауларды ақсақалдардың араласуымен шешу, ел ішіндегі дауласу деңгейін азайтуға ықпал ету мақсатында құрылған кеңесші топ.
Қызылорда қаласының №2 сотының
судьясы Т.Темірбаев
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!