Жуырда медицина саласының ардагері, дәрігер-ұстаз Раиса Әбдешқызының 80 жылдық мерейтойына арналған «Сапалы медициналық көмек – медициналық білім берудегі оқыту тәсілдерін жаңғырту мен кәсіби құзыреттілікті дамыту нәтижесі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция Раиса Әбдешқызының өнегелі өмірі мен кәсіби жетістіктерін баяндайтын деректі фильмнің көрсетілімінен басталды.

Медицина ардагерінің мерейтойы

Жиынның модераторы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов ұстаздыңеңбегін ұлықтап, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. Салтанатты бөлімде облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет сөз алып, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының арнайы құттықтауын жеткізді. Мерейтой иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызының ыстық сәлемі мен құттықтау хаты табысталды.

Медицина ардагерінің мерейтойы

Қызылорда облысының Құрметті азаматы, денсаулық саласының ардагері Тұрғанбай Маханұлы, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы Абай Зікрияұл және Қызылорда облысының құрметті азаматы, білім саласының ардагері Әлима Жақыпқызы, Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы Болатбек Әбиұлына сөз беріп, Раиса Әбдешқызының әріптестері ақ тілектерін жолдап, ғибратты ғұмыр иесінің асыл қасиеттерін сөз етті. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Есенбаев та бас ұстаз Асқарбек Есжановтың құттықтауын жеткізді.

Медицина ардагерінің мерейтойы

Осы орайда Раиса Әбдешқызының тұлғалық қасиеті туралы Болат Күлімбет айтып берді.

– Раиса Әбдешқызымен 1974 жылдан бері қызметтес болдық. Ол кісінің талапшылдығы дәрігер болуыма қатты әсер етті. Ол өз саласын жетік меңгерген. Раиса Әбдешқызы қандай жағдай болса да әділ шешім қабылдайтын. Біз ол кісіні ерекше эталон көрдік. Бұрынғы оқушылар ұстаздарын қалай құрметтесе бізде соншалықты Раиса Әбдешқызын сыйлайтынбыз. Медициналық колледжге ауысқан кезімде жанымда қарындасыммен бірге жұмыс істеді. Отбасымызбен араласатын едік. Ол кісінің бауырмалдығын сол кезде байқадым. Бұл қасиеттерінен қазір де айырылған емес. Қазір де елде абыройы өте зор. Шиеліден кеткеніне 30 жылдан асты. Алайда Әбдешованың тегін атасаң бәрі тік тұрады. Сол себепті Раиса Әбдешқызымен бірге қызмет атқарғанымыз үшін мақтанамыз, – деді ол.

Медицина ардагерінің мерейтойы

Салтанатты іс-шара колледж оқытушыларының орындауындағы «Ұстазым менің, ұстазым!» әнімен әрленіп, жұмыс барысы пленарлық отырысқа ұласты.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!