Ертеде Алатаудың арғы бөктерінде қоныстанған ауыл болыпты. Онда береке-бірлігі жарасқан, адамгершілігін ұмытпаған, жандары жайсаң жұрт тұрақтаған деседі. Көрші ауылдармен салыстырғанда әлдеқайда тыныш жер еді. Бірақ әр нәрсенің жақсысы мен жаманы бірге жүреді демекші, киіз үйін басқа үйлерден алыс тіккен, малдың бабын білмесе де, менің дүнием деп малдарына тірі жанды жақындатпайтын сараң бай өмір сүріпті. Ауылға келгелі бір рет те үйіне қонаққа шақырмаған, біреуге қонаққа бармаған.

Жолаушылатып келген жандардың да көздері бірден сол байдың үйіне түседі екен. Сонда ауыл тұрғындары «Адаммен сырласу, көңіл көтеру дегенді білмейді. Қашан көрсең қабағынан қар жауып жүреді. Өзі жалғыз, бала-шаға түгіл бәйбішесі жоқ» деген сөзден басқа ештеңе айтпайды екен.

Бір күні ауылға «көрші ауылда ат жарыс болады, ұтысқа қомақты ақша тігіледі» деген хабар келеді. Көп ұзамай бай да бұл шақырудан хабардар болып, сол арада тізімге өзінің есімін де жазғызады. Бір күні өзінен басқаның бабын білмейтін бұл жарықтық таң ата бар малын қорасына кіргізіп, есікке құлып салып, өзі жылқысын дайындауға кеткен екен. Сондағы дайындағаны әлсізденіп қалмасын деп қарнын көтере алмағанша жем-шөбін бергені ғой. Солай жүріп бай төрт күндей үйіне оралмапты. Ақыры жарыстың уақыты келгенде ол атына шабандоз іздейді. Барлығы «тұлпарың жарамайды» дей береді. Бірақ, шыдамы таусылған бай бір жігітті тоқтатып, «атыма шабандоз бол, үлесіңді беремін» деп көндіріп алады. Бірақ ойлағандай бұл тұлпарға жеңіліс бұйырып, аты шабандозға қалады. Солай бай жаяу үйіне келсе, бәрі үйінің алдында жиналып тұр екен. «Не болып қалды» деп сұраса, «қораңнан өлген малдың иісі шығып жатыр» дейді.

Бай құлыпты бұзып қараса, барлық малы аштықтан қырылып қалыпты. Мұндай азапқа төзбеген бай отырып алып, еңірей кетеді. Енді қалғаны бай деген аты ғана. Ауылдастарына «неге менің де малыма қарамадыңдар?» деуге батылы жетпеді. Себебі өзінің малына қолының ұшын тигізген адамды өлгенше қарғайтын әдеті есіне түсе берді. Тұрғындар мұның жағдайын сөзсіз түсінді. Өткен кеткеннің бәрін ұмытып, қонақ қылады. Ыстық ортаның жайлылығын енді ғана сезгендей болған бай істеген істеріне өкінеді. Оған тұрғындар өздерінің жерінің бір бөлігін беріп, егістікпен айналыс деді. Солай бай да тату өмірге үйренісіп, нағыз үлгілі адамға айналды.

Замира ЖАҒЫПАР,

Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта

мектептің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!