Жүректегі жүкті жазумен жеңілдетуге болады. Мұны ескерген ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің психологы Айзат Мырзалы мен Аружан Омар айыпталушы және жазасын өтеуші әйелдерге “Хат” терапиясын өткізді.

Алдымен баяу әуен қосылып, қатысушыларға ақ парақ таратылды. Жүрек түкпіріне жиналған сыры мен ішке бүккен ойын жаза бастағанда терең күрсініс те сезілді. Көз жасына ерік бергендер де бар. Бірі кешірім сұрап, ауыр сезімнен арылса, енді бірі ет жақындарына деген сағынышын жеткізді. Бұл терапияның тиімділігі де сол, ішкі сезімді іркіп қалмай, эмоцияны ішке жұтпай, адамның жеңілдеп қалуына түрткі болу.

– Бүгінгі терапия мен үшін пайдалы болды. Қаумалаған мың сан ойдан қайда қашарыңды да білмейтін сәттер кездеседі. Ал, хат жазу арқылы, өз-өзіммен бетпе-бет келіп, ақтарылдым. Бірақ, хатты кімге арнағанымды және оның мазмұнын айтқым келмейді. Тек бір айтарым, жеңілдеп қалдым, маған керек болып жүргені де осы екен. Сондықтан, мұндай мүмкіндік берген психологтарға алғысымды білдіремін, – дейді жазасын өтеуші азаматша.

Иә, психологиялық қолдау – жанның саулығына әсер етеді. Алдағы уақытта да пайдалы терапия мен тренингтер өткізіле бермек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!