Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңына сәйкес, заң көмегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі (тегін көрсетілетін заң көмек) және кешенді әлеуметтік заң көмек түрінде көрсетіледі. Заңның 20-бабына сәйкес, заң көмегін өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заң кеңесшілері, заң көмегін көрсететін коммерциялық емес ұйымдар мен заң кеңесшілері палаталарының мүшелері көрсетеді. Сонымен қатар, заңның 26-бабына сәйкес, құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін барлық жеке және заңды тұлғалар тегін ала алады.

Құқықтық кеңес беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмек

1. Алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға.
2. Мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандары және азаптауларға ұшырағандарға.
3. Асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға.
4. Жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануы немесе қылмыстық құқық бұзушылықтардан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға.
5. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлер, жеңілдіктерге ие болған тұлғалар, мүгедектігі бар бірінші және екінші топтағы адамдар, кәсіпкерлікпен байланысты емес мәселелер бойынша.
6. Көпбалалы отбасыларға кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша.
7. Кедейлік шегінен төмен табысы бар адамдар (отбасыларға) белгіленген тәртіппен, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша.

Заңның 19-бабына сәйкес, төмендегі тұлғаларға кешенді әлеуметтік заң көмек көрсетіледі:

1. Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңға сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдар.
2. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар тұлғалар.
3. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдар.
4. Мүгедектігі бар бірінші және екінші топтағы адамдар.
5. Жасына байланысты зейнеткерлер.
6. Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды қамтитын медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын тұлғалар.
7. Мүгедектігі бар балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған немесе мүгедектігі бар тұлғаларға қамқорлық көрсететін тұлғалар.

Кешенді әлеуметтік заң көмек азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша көрсетілмейді.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысында 165 адвокат қызмет атқаруда. Оның ішінде облыстық адвокаттар алқасымен ұсынылған тізімге сәйкес, 75 адвокатпен келісім жасалып, заң көмегі көрсетілуде.

Э.Сматова, 
Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!