Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мемлекет қаржысын аса ірі мөлшерде жымқыру дерегін анықтап, оған қатысы бар тұлғалардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесті.

Тергеу нәтижесінде белгілі болғандай, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылындағы мектептің бас есепшісі Айнұр Ералиева өзіне сеніп тапсырылған мектеп директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану арқылы, мекетеп мұғалімдері М.Айжігіт, А.Жарықбаева, Ж.Утепбергенова, А.Нурмуханова, Г.Баймагамбетова, Г.Жомартпен адамдар тобының алдын ала сөз байласып, бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырған. Оның сыбайласы Айбол Таупиқов қылмысты іске асыру кезінде көмек көрсетіп, жымқырылған қаржыны бөлісу мен жасыруға жәрдемдескен. Сондай-ақ М.Айжігіт, А.Жарықбаева, Ж.Утепбергенова, А.Нурмуханова, Г.Баймагамбетова, Г.Жомарт сияқты бірқатар мұғалімдер де аталған топтың әрекетіне қатысып, жымқырылған қаражатты өзара бөліскен.

Тергеу деректері бойынша, қылмыстық топ 2022–2024 жылдар аралығында мемлекетке жалпы сомасы 42 500 474 теңге мөлшерінде материалдық залал келтірген.

Сот үкімімен Айнұр Ералиева ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Алайда сот ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталушының кәмелетке толмаған баласы он төрт жасқа дейін жетпегеніне байланысты жазаның орындалуын 5 жыл мерзімге кейінге қалдырды.

Сонымен қатар, ол қаржы және бухгалтерлік есеп саласында жұмыс істеу құқығынан 10 жыл мерзімге айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Айбол Таупиқовқа ҚК-нің 63-бабы қолданылып, 7 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалды. Қалған алты мұғалімнің әрқайсысына 2 жылдан 2 жыл 4 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Аталған іс бойынша мемлекетке келтірілген залал сотталушылардан өндірілетін болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!