Фото: gov.kz
Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес – тәуелсіз еліміз үшін ең күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Бұл кесірлі кесел саяси даму тұрғысынан бір-біріне мүлдем ұқсамайтын әлемдегі елдердің қай-қайсысын да алаңдататыны анық. Жалпы жемқорлық барлық мемлекеттер мен халықтарға тән және оның сан ғасырлық тамыры бар.
Біз өте күрделі кезеңде өмір кешіп жүрміз, экономикалық реформалар мен дағдарыс кезеңі, трансформация уақыты. Түрлі зерттеулерге сәйкес, жемқорлық теріс құбылыс. Бұл қоғамның түпкі негізін бұзады, дамуға қауіп төндіреді, мемлекеттік органдарға деген сенімнің төмендеуіне ықпал етеді. Ел экономикасы мен қоғамдағы моральдық ахуалдың бұзылуына алып келеді.
Сыбайлас жемқорлық тек азаматтық сектордағы олқылық емес, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс бағытында да бұл мәселенің барын көріп жүрміз. Әсіресе, кәсіпкерліктегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлық ілкімді істерді ілгерілетуге қолбайлау. Бизнеске жайлы орта қалыптастырмай экономиканы дамыту мүмкін емесін ескерсек, қазірден қадам жасау маңызды болмақ.
Әрине, кәсіпкердің өзін қауіпсіз сезінгені, кез келген ортада әділ де ашық жүйені байқағаны – мемлекет үшін басты орында. Себебі әлеуметтік саланың жүгі артылған салада атқарушы билікке деген сенім шешуші рөл атқарады. Жұмыс орнының ұлғаюы, инфрақұрылымның ілгерілеуі, тұрғындардың әл-ауқатының өсуі кәсіптен келетін игілікке тәуелді. Ал бизнеске бет алғандар қадым басқан сай әділетсіздікке ұшырап, құлаш жайып әрекет етуге кедергі көбейсе, қайдан табыс болсын. Міне, сондықтан кейінгі жылдары кәсіпкерлер де қарап жатпай, биліктен араша сұрап, ақ-қарасын анықтауға өтініш көбейткен.
Бұл орайда Антикорға артылған міндет орасан. Құзырлы орган түскен шағымды бақылау, талдау жүргізу ісінде жемісті еңбек етіп келеді. Мысалы, биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық департаменті өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бизнеске жол» жобасын қолға алды. Антикор мамандары жоба аясында 2 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғапты. Ішінде жер дауы, мемлекеттік сатып алудағы заңсыздық, қаржылық есептегі кемшілік салдарынан Антикорға жүгінгендер көп екен.
Мәселен, департаментке осыдан бірнеше ай бұрын меншік құқығындағы жер учаскесін бар кәсіпкер жүгінген. Айтуынша, жергілікті атқарушы орган оның жылжымайтын мүлкін мемлекет меншігіне алмақ болыпты. Департамент шағымды жан-жақты талқылап, істің анық-қанығына көз жеткізу үшін «Атамекен» палатасы алаңында қалалық мүдделі органдар басшылығының қатысуымен кездесу ұйымдастырып, қос тараптың уәжін тыңдайды. Кездесуде кәсіпкер жер учаскесін 20 жылдан бері базары ретінде қолданғанын айтты. Сол арқылы халықтың өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына септесіп, бизнесті өркендетуге атсалысқан. Нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлер шығарған шешімнің негізсіз екені анықталған. Көп өтпей, департамент ұсынысы негізінде негізсіз шешімнің күші жойылды.
Бұл жалқы мысал ғана. Кәсіп иелері сан сала сыбайлас жемқорлық пен заңсыздықтың құрбанына айналуда. Депатаментке көмек сұрай келген кезекті кәсіпкер мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі тиімсіз жүйе мен негізсіз шешімге шағымданыпты. Оқиғаның ұзын-ырғасы былай. Кәсіпкер мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тапсырысты ұтып алады. Жұмыс барысында атқарушы орган, яғни тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу шартында көрсетілген міндеттемелерін уақтылы орындамаған. Антикор істің шикілігін аңдап, кәсіпкерге шағымы негізінде тексеруге кіріскен.
Нәтижесінде мемлекеттік тапсырыс талабын бұзу фактісі анықталады. Тапсырыс беруші кәсіпкерге төлеуі тиіс аванстық төлемді 4 ай кешіктірген. Бұл мердігерге қаржылық қиындық туғызып, құрылыс нысанындағы жұмыстың уақтылы басталуына кесірін тигізген. Осылайша мердігер құрылысқа қажетті материалдарды жеке қаражаты есебінен сатып алуға мәжбүр болған.
Мән-жайды саралаған департамент өкілдері кәсіпкерге қолдау білдіріп, әкімдікке тиісті ұсыныс хат жолдайды. Кейін тапсырыс беруші кешіктірген қаражатты аударып, құрылыс барысындағы қазан айында орындалған жұмыстың актісіне қол қойған. Соңында кәсіпкердің құқығы қорғалып, оған 267 млн теңге қаражаты төленді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүйелі жұмыспен көзге түсуде. Мемлекеттік қызмет, білім беру, құқық қорғау салаларында анықталған заңсыздық қаншама? Құзырлы органның позициясы да айқын, күрес жолы да алуан. Жыл бойы конференция, семинар, түсіндірме жұмыстары толастаған емес. Әрбір шараға басшылық құрам қатысып, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі мемлекет ұстанымы нық екенін аңғартуда.
Есте болса, облыста жуырда өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет: құндылықтар мен этикалық қағидаттар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Жиында департамент басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрестің концепциясын жатық жеткізген болатын.
«Сыбайлас жемқорлық – кез келген қоғамның дамуына кедергі келтіретін қауіпті құбылыс. Ол елдің экономикалық өсімін тежейді, әлеуметтік теңсіздік тудырады және халықтың мемлекетке деген сенімін әлсіретеді. Әрқайсымыз бұл індеттің көріністерінен азат қоғам құруға өз үлесімізді қосуға ат салысуымыз керек», деді департамент басшысы Қуаныш Ахметқалиев.
Жағымды жаңалыққа келсек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздің әр өңірі бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірлепті. Біздің облыстың картасына агроөнеркәсіптік кешен, жер, жолдар және инфрақұрылым, әлеуметтік сала, бизнес, сейсмикалық қауіпсіздік салалары енгізілген.
«Департаменттің ұсынысы негізінде шартта көрсетілген артық талаптар жойылып, 1500-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды. Суару сумен қамтамасыз ету саласына келетін болсақ, «Көкарал» бөгеті бойынша бүгінгі күнге дейінгі жұмыстарды қабылдау актілеріне сәйкес, жұмыстар нақты іс жүзінде атқарылмағандығы анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде кемшіліктер жойылып, жетіспейтін құрылыс жабдықтары толық жеткізілді. Осылайша жоғарыда көрсетілген қаражат жымқырудың жолы кесілді», – деді өңірлік коммуникациялар қызметіне өткен сұхбатында облыс бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Жұмағалиұлы.
Антикор өз қызметін басқа да мемлекеттік органдармен, қоғаммен және халықпен бірлесіп жалғастыратын болады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы өте түсінікті түрде дайындалған Қазақстан Үкіметінің мәлімдемесі бар. Барлық құрылымдарда және үкіметтің барлық деңгейлерінде жемқорлыққа қарсы бірыңғай мықты және дәйекті саясат қана оң нәтиже бере алатыны белгілі.
Әділетті қоғамды құру – ортақ міндет. Бастысы, заңсыздықты әшкерелеу әрі жолын кесу үшін әрбіріміз атсалысуымыз керек. Мұны ұмытпаған жөн. Сонда ғана қауіпсіз болашақ пен әділ бәсекеге қол жетпек.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!