Қызылордада Достық үйінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның 10 жылдық мерейілі межесіне орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Данияр Жаналинов қатысып, сала қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді.

Салтанатты жиында үздік қызметкерлер марапатталып, олардың еңбегі ерекше атап өтілді. Корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтың атынан алғыс хаттар және облыс әкімінің марапаттары табысталды.

Соңғы он жылда мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі түбегейлі өзгерді. Бұрын ұзақ уақыт пен көп құжат талап еткен қызметтер бүгінде барынша жеңілдеп, жылдам әрі қолжетімді форматқа көшті. Сәбидің дүниеге келуінен бастап, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу, жұмысқа орналасуға қажетті анықтамаларды алу немесе әлеуметтік көмекті рәсімдеу – барлығы бір жүйеге біріктіріліп, азаматтар үшін ыңғайлы жолға қойылды. Қызылорда облысының өзінде осы кезеңде 8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.

«Қызылорда өңірінде мемлекеттік қызмет көрсету жаңа деңгейге көтерілді. Мыңдаған емес, миллиондаған қызмет көрсетіліп, әрбір тұрғын үшін қолайлы әрі жедел жүйе қалыптасты. Бүгінде қызметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшіп, халық уақытын үнемдейтін тиімді жүйе қалыптасты», – деп атап өтті облыс әкімінің міндетін атқарушы Данияр Жаналинов.

Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшіп, онлайн қолжетімді болды. Азаматтар қызметті үйден шықпай-ақ алып, өтініштерін бақылап, қажетті құжаттарды қашықтан рәсімдей алады. Қажет болған жағдайда ХҚКО қызметкерін үйге шақырта алады.

Мемлекеттік корпорация әрі қарайда қызмет сапасын одан әрі арттыру, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту және азаматтар үшін қолжетімді мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуға жұмысын үдетпек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!