Мемлекеттік қызмет – бұл ел мүддесіне адал қызмет етуді талап ететін жауапты әрі мәртебелі міндет. Ал мемлекеттік қызметшілер – қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтатын, ел игілігі жолында еңбек ететін сала мамандары.
Олар ел үшін аса маңызды салаларда қызмет етіп, осы жолда күш-жігері мен уақытын аямайтыны рас. Халықтың мүддесі үшін шешім қабылдау, құжат дайындау, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету – барлығы да осы мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Мемлекеттік қызметші болу тәртіп, әділдік, төзім мен білімді талап ететін қызмет. Дүйсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған сала басшылары мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Аймақ басшысы әріптестерін мерекемен құттықтап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
– Баршаңызды Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елге адал қызмет ету, Отанды шексіз сүю, туған елдің дамуына аянбай үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.
Егемен еліміздің алдындағы стратегиялық міндеттерді орындауда мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметкерлерге артылған жауапкершілік жоғары.
Сіздер Қазақстанның жарқын болашағы жолында халық аманатын арқалап, уақытпен санаспай еңбек етіп, антқа адалдықтың, халыққа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп келесіздер.
Туған жеріміз – Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды, алғысымды білдіремін!
Бүгінде жаңа трансформация кезеңінде кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру бағытында мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау тетіктері жеңілдеді.
Бюрократиядан арылу, артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, кадрлық резервті қалыптастыру, меритократия қағидатын енгізу, қызметтерді сандық форматқа көшіру мемлекеттік қызмет моделін қолжетімді әрі сындарлы диалогқа негіздеді.
Соның нәтижесінде өңірде мемлекеттік аппаратты оңтайландырып, әкімшілік шығындарды азайтып, басшылық құрам санын қысқарттық.
Президентіміздің әділетті, таза, қауіпсіз Қазақстан құру жолындағы бастамалары мен тапсырмаларын аймағымызда сәтті жүзеге асырып, халық сенімінің үдесінен шыға берулеріңізге тілектеспін!
Баршаңыздың дендеріңіз сау, жақындарыңыз аман болып, отбасыларыңыздың бақ-берекесі арта берсін!, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Басқосуда мемлекеттік қызметшілер марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері Әбдіғаппар Әмірғалиұлы мен Қожахмет Ильясов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері», облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов, Қызылорда қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен марапатталды. Бірқатар азаматқа Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы» мен облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Сонымен қатар жас мемлекеттік қызметшілерлердің Ант беру рәсімі өтті.
Сыр елінде 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші табысты еңбек етіп, аймақ дамуына сүбелі үлес қосуда. Олардың 791-і 35 жасқа дейінгі жастар. Олар уақыт талабына сай жаңа бастамаларды іске асырып, елдің қарқынды дамуына үлес қосып келе жатқаны айқын.
***
Жыл басынан бері жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар бойынша барлығы 140 қызметшінің білімін жетілдіру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
– Есепті кезеңде мемлекеттік әкімшілік қызметке кіруге үміткерлерді тестілеуге 734 адам қатысып, оның 165 немесе 22,5%-ы шекті мәннен төмен емес нәтижеге ие болды. Құқық қорғау органдарына алғаш кіретін азаматтарды тестілеуге 263 адам қатысып, оның 84 немесе 32% шекті мәннен төмен емес нәтижеге ие болды. Жыл басынан бері Қызылорда облысындағы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда 125 бос лауазымға орналасуға конкурстар өткізілді, – деді Ерлеген Жәрдемұлы.
Былтыр жүргізілген Өңірлік кадр резервіне іріктеуге өңіріміздің жастары белсенді қатысып, 235 үміткер өз құжаттарын тапсырып, іріктеу жұмыстары Қызылорда облысы бойынша сәтті аяқталған. Нәтижесінде Қызылорда облысының Өңірлік кадр резервіне алынған 25 кандидаттың 9-ы конкурстық іріктеусіз бос лауазымдарға тағайындалды. Оның ішінде 3-еуі басшы лауазым. Тағы 1 үміткер ҚР Президенті Әкімшілігіне шақырту алып, жаңа лауазымға орналасты.
Департамент басшысының айтуынша, Өңірлік кадр резервінен тағайындаулар саны жағынан Қызылорда облысы алғашқы орындарда.
– D-O-2 санаты бойынша барлығы 11 мемлекеттік қызметші ротациялауға енгізілген. Бұл ретте 6 қызметшінің қызметте болу мерзімі 5 жылдан асқандықтан облыс әкімдігімен мерзімін ұзарту бағытындағы шешім қабылданды. 5 қызметшінің 3-еуі бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатысып, өзге қызметке орналасса, 1 мемлекеттік қызметші өзге D-O-2 санатындағы лауазыммен ротацияланды. 1 мемлекеттік қызметшінің ротациялану мерзімі 6 жыл толуына орай, құжаттары Агенттікке жолданып, келісім алынды. Сонымен D-O- 2 санаты бойынша алғашқы ротацияланушылардың жұмысы толық аяқталды. Әрі қарай мерзімдері келген мемлекеттік қызметшілерді ротациялау департаменттің бақылауында болады.
E-1 санаты бойынша барлығы 2 мемлекеттік қызметші ротациялауға енгізілген. Оның біреуі аудан әкімінің Өкімімен ұзартылды. Біреуінің мерзімі 6 жылдан астам болғандықтан құжаттары Агенттікке жолданып, 2 жылға ұзарту туралы келісім алынды. С-O-2 санаты бойынша 10 мемлекеттік қызметші ротациялауға енгізіліп, толық ротациялану жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте, 1 қызметшінің зейнеткерлік жасқа келуіне байланысты ротациядан босатылғандығын айтып өткен жөн, – деді Ерлеген Жәрдемұлы.
Айта кетейік, бұл дата 2013 жылы 23 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген болатын. Тарихқа көз салсақ, 2002 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 57-інші сессиясында 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялау туралы қаулы қабылданды. Ұйымға мүше мемлекеттерді бұл күнді әр елде белгілеуге шақырған. 2003 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бұл күн халықаралық мереке мәртебесіне ие болды.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!