Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді.

Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал. Адам қашан да өз болмысын жоғалтып алмауы керек. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлер көптің алдында, халықтың назарында жүретіндіктен өздерінің сырт келбетіне ғана емес, рухани дүниесінің тазалығына да зер салғаны жөн. Жұмыс және жұмыстан тыс уақытта да мемлекеттік қызметші беделін түсіретін немесе қоғам тарапынан сын тудыратын ситуациялардан өзін алшақ ұстауы тиіс.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші болу, бұл – адамдармен тең қарым – қатынаста болу, кез келген жағдайдан жол таба білу, өз сезімін басқара білу қажет. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметшілердің беделі мен имиджіне зиян келтіретін әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Біз мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі соларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, олар билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиіс.

Қарапайым халық мемлекеттік қызметкер жұмысының қызығы мен шыжығынан бейхабар. Бұл салада жүрген азаматтар қағаздан көз алмайтын, бекітілген ереженің шеңберінде ғана әрекет ететіндей көрінетіні бар. Десек те, мемлекеттік қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүруге қарым-қабілеті жеткен азаматтар да бар. Айта кетсем, мемлекеттік қызмет сапында жүрген азаматтарға шығармашылықпен, спортпен айналысуға, ізденуге, өздерін дамытуға қолайлы жағдай жасалған.

Мемлекеттік қызмет туралы заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады. Конкурс Қазақстан Рсепубликасы азаматтарының мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз етеді.  Заңда көрсетілгендей мемлекеттік қызметке кіру кезінде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушілік белгілеуге жол берілмейді. Мемлекеттік қызметші болуға үміткер адамдар халық алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білуі үшін мемлекеттік қызметтің беделін барынша көтеруі қажет деп білемін.

Қызылорда қаласының мамандандырылған

тергеу сотының бас маманы Н.Жиенкожа

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!