ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өткен жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін пилоттық режимде сынақтан өткізуде. «Е-қызмет» порталында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі енгізілген. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге қолайлы уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік береді. «Е-қызмет» жүйесі негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Үміткер туралы өзге жүйелерден ақпарат алу, құқық бұзушылыққа қатысын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарауды жүйе автоматты түрде өзі жасайды.

Ал пилоттық жоба негізінде конкурсқа қалай қатысуға болады? Конкурс ақпараттық жүйенің «eqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет- порталында жүзеге асады. Яғни ешқандай тікелей байланыссыз онлайн түрде жүргізіледі.

Конкурсқа қатысу үшін үміткерде интернет, компьютер және веб-камера болуы қажет. Осы құрылғыларды пайдаланып, үміткер жеке сәйкестендіру нөмірі мен ЭЦҚ енгізу арқылы жүйеге тіркеліп, конкурсқа қатысады.

Конкурс кезеңдеріне қатысқан кезде үміткердің дербес деректерін көрсетпей иесіздендіру үшін өтінім берген кезде жүйе оған дербес сәйкестендіру нөмірін тағайындайды. Яғни конкурсқа қатысушы үміткер туралы ақпарат жасырын болады. Жалпы конкурсқа қатысу үшін үміткер шекті мәні 50% құрайтын жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден өтеді.

Мұнан соң мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл жерде үміткерге жалпы саны 50 сұрақтан тұратын логикалық және ситуациялық сұрақ қойылады. Екі кезеңнің нәтижесінде жоғары ұпай жинаған үш үміткер конкурстың соңғы кезеңіне жіберіледі. Іріктеуден өту кезінде үміткер өзге адаммен ауысуына, жанында бөгде адамның болуына, орнын тастап кетуге, экраннан бұрылуына және бейнекамераны ажыратуына болмайды. Бұл процеске жасанды интеллектінің де жұмысы қосылған. Ереже бұзылған жағдайда жасанды интеллект арқылы тіркеліп, анықталады.

Конкурс кезеңдеріндегі барлық жазылған бейнежазба белгіленген тексеруші адамдардың бақылауынан өтеді. Ал ереже бұзушылық анықталған жағдайда үміткер келесі кезеңге жіберілмейді.

Әңгімелесу сатысына өткен үміткерлер онлайн түрде қатысады. Конкурс комиссиясының мүшелері жүйемен таңдалған адамдардан тұрады. Яғни бір-бірін танымайтын мүшелерден құралады.

Айта кету керек, проктор-тексерушілер қатысушылардың кім және қайдан екені туралы бейхабар болады. Себебі, кандидаттардың деректері көрсетілмей, тек арнайы код беріліп, иесіздендіріледі. Комиссия мүшелері үміткерлерді 1 мен 3 балл арасында бағалайды. Нәтижесінде барлық кезеңнен өткендің орташа ұпайы шығады. Ең көп ұпай жинаған үміткерді «Е қызмет» жүйесі автоматты түрде конкурс жеңімпазы деп таниды.

Қазір республика бойынша 44 мемлекеттік органда мыңнан астам конкурс осы жүйе арқылы өтіп, өз нәтижесін көрсетуде.

Жаңа жүйе мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жойып, бюрократиядан арылтып, талабы бар талантты жастардың мемлекеттік қызметке келуіне септігін тигізеді.

Жасұлан ШЫНТАСОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша
департаментінің мемлекеттік қызмет
басқармасының басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!