Мемлекеттік қызмет қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ал қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде мемлекеттік қызметшілердің алар орны ерекше.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңнаманың негізгі қағидаттарының бірі мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы болып табылады. Мемлекеттік қызметші өзінің еңбегінің қорғалуына, тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, құқықтық және әлеуметтік қамтамасыз етілуіне, жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқығы бар.
Әрбір мемлекеттік қызметші бірінші кезекте сол қоғамның мүшесі, Конституциямен, басқа да заңдармен көзделген құқықтар мен міндеттерге ие мемлекетіміздің азаматы. Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі мен олардың құқықтары 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңында нақтыланған. Аталған Заңның 9-бабында мемлекеттiк қызметшiлердiң негізгі құқықтары көрсетілсе, Заңның 9-тарауында мемлекеттік қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері қарастырылған.
Бүгінгі таңда, Қызылорда облысында 3300-ден астам мемлекеттік қызметші ел дамуына өз үлестерін қосуда. Оның ішінде, 1800-ден астамы жергілікті атқарушы органдарда қызмет етуде.
Ал мемлекеттік органдардағы әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметтік бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалуына және әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына мониторинг жүргізу. Осы ретте, жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілердің міндеттері, әдептілік нормалары, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері туралы облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілімен 67 рет мемлекеттік органдарда құқықтық оқытулар өткізілді.
Құқықтық оқытулар барысында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулері түсіндіріліп, олардың негізгі құқықтары бойынша ақпарат берілуде. Әдеп жөніндегі уәкілдер институтымен алдағы уақытта да мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен заңды құрметтеп, өз міндетін адал атқаратын мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне тікелей байланысты. Бүгінгі күннің талабы – әрбір мемлекеттік қызметшінің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің нақты сақталуы ғана емес, сонымен бірге олардың беделі мен жауапкершілігін арттыру. Бұл – тек мемлекеттік аппараттың емес, тұтас елдің өркендеу кепілі. Мемлекеттік қызметкердің абыройы – мемлекеттің айнасы.
Бағдат ӘБДІҚАДЫР,
Қызылорда облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!