Фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттік сатып алуға қатысты даулар жария-құқықтық даулардан туындайтынына байланысты 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексіне (ӘРПК) сәйкес облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттармен және аудандық соттармен қаралады.

Осы санаттағы істердің басым көпшілігі бизнес өкілдерінің мемлекеттік сатып алу қорытындыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талаптары бойынша қозғалады.

Бұл санаттағы даулар сотқа келіп күскенде алдымен сотқа дейінгі реттеу тәртібі сақталғандығы зерттеледі.

Себебі, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V заңының 47-бабына сәйкес, егер тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.

Осы бапта көзделген, дауларды сотқа дейін реттеу тәртібі міндетті болып табылады.

Ал ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасында талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтамаса және бұл тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығаратына қарастырылған.

Сондықтан мемлекеттік сатып алуға қатысты даулар үшін сотқа дейінгі реттеу тәртібі сақталуы тиіс.

Осы санаттағы дауларды қарау барысында соттармен ӘРПК-нің талаптары, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңының нормалары және «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 4 Нормативтік қаулысы басшылыққа алынады.

Жалпы әкімшілік соттармен жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

Жария-құқықтық қатынастары дегеніміз – құқық субъектілері арасындағы бір тараптың екінші тарапқа қатысты өктемдік өкілеттіктерін жүргізуіне байланысты билік-бағыну қатынастары.

Дегенмен талап қоюшылармен мемлекеттік сатып алу конкурс  қорытындыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талаппен бірге мемлекеттік сатып алу шартын да жарамсыз деп тану туралы талаптар қойылса, мұндай талап қоюлар ӘРПК-нің 84-бабы үшінші бөлігінің, 155-бабы үшінші бөлігінің, 156-бабы екінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта бірлесіп қарауға жатады.

Мұндай жағдайда қойылған талаптың шартты жарамсыз деп тану бөлігінде талап қоюшыдан дауды сотқа дейін реттеудің шартта көзделген тәртібін сақтау талап етілмейді.

Мемлекеттік сатып алуға қатысты дауларды қарау барысында соттар «соттың белсенді ролі» қағидатын ұстана отырып, әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

Мысалға «А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сотқа талаппен жүгініп, талабында мемлекеттік сатып алу қорытындысын заңсыз деп танып, күшін жойып, мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тануды және жауапкерді конкурс нәтижелерін қайта қарауға міндеттеуді сұраған.

Сотта анықталғандай, жауапкер «Зертханалық/зертханалық – аспаптық/ талдаулар жүргізу бойынша қызмет көрсетулер» мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған.

Конкурсқа қатысуға келесі әлеуетті өнім берушілер өтінім берген:

  • «А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі,
  • «Б» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі,
  • «С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі,
  • «Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қорытындылар туралы хаттамаға (Даулы хаттама) сәйкес жеңімпаз болып «Б» ЖШС танылған. Екінші орынды иеленген «А» ЖШС.

«А» ЖШС Даулы хаттамамен келіспей сотқа дейінгі тәртіпті сақтау мақсатында уәкілетті органға шағым берген. Уәкілетті орган шағымды қанағаттандырусыз қалдырған.

«А» ЖШС сотқа талап қоюмен жүгініп, әлуетті өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының болуы қажет екендігін, алайда «Б» ЖШС тарапынан еңбек ресурстары бойынша Еңбек Кодексіне сәйкес 1) еңбек кітапшасы; 2) тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты; 3) еңбек шартын жасасу және (немесе) тоқтату негізінде еңбек қатынастарының туындауын және (немесе) тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер конкурстық комиссияға ұсынылмағандығын көрсетіп, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Істі қарау барысында «сот белсенді ролі» қағидаты қолданыла отырып, «Б» ЖШС-нің конкурстық құжаттарда еңбек ресурстары ретінде ІІ дәрежелі дефектоскопист 1 маманның, Инженер-құрылысшы 2 маманының, инженер-гидротехник 2 маманының болу қажеттігі көрсетілгенін анықтап, құжаттар толығымен зерттелген.

Нәтижесінде әлеуетті өнім беруші «Б» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ІІ дәрежелі дефектоскопист маманы ретінде – Н.Нурбаев, инженер-құрылысшы маманы ретінде А.Еркен, Е.Сагынбай, инженер-гидротехник маманы ретінде М.Ерланұлы және М.
Сарсенов (аты жөндері өзгертілген), ұсынылғаны, алайда, сот отырысында куә ретінде тартылған М.Ерланұлы өзінің жұмыссыз екендігін, «Б» ЖШС-де жұмыс жасамайтындығын және осы уақытқа дейін аталған мекемеде жұмыс атқармағандығы туралы жауап берген.

Нәтижесінде «А» ЖШС-нің әкімшілік талабы қанағаттандырылып, мемлекеттік сатып алу нәтижелері туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылып, тараптар арасында жасалған мемлекеттік сатып алу шарты жарамсыз деп танылған.

Сонымен қатар, сот жауапкерді конкурсының нәтижелерін шешім заңды күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қайта қарауға міндеттеген.

Тараптар сот шешімімен келісіп, сот актісіне шағым бермеген.

Сот актісі заңды күшіне еніп, конкурс нәтижелері қайта қаралып, «А» ЖШС-і мемлекетті сатып алудың жеңімпазы деп танылған.

А.Сарсенбаев

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!