Фото: auditool.org

Мемлекеттік сатып алу – айқай-шуы да, ақшасы да көп сала. Мемлекет тарапынан жыл сайын мемлекеттік мекемелер сатып алатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға үлкен қаражат бөлінуде. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға бөлінген мемлекеттік қаражатты жұмсау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында осы саладағы лауазымды тұлғалардың араласуын шектейтін нормативтік құқықтық база жасалған.

Алайда мемлекеттік сатып алулар әлі күнге дейін экономиканың ең жемқорлық жайлаған салаларының бірі болып табылады, ал мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шаралар жемқорлықты оқшаулауға шешуші оң әсерін тигізбей келеді. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу үшін мемлекеттік қаражатты пайдалану барысында сыбайлас жемқорлықтың таралуы осы саладағы жүйелік құқықтық қақтығыстарға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің дамуынына әсер етуші болып табылады. Бұл жерде триллиондаған теңге айналымда жүр. Бас айналдыратын сомалар сыбайлас жемқорлыққа да жол ашып отырғаны белгілі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үлкен жиындарда мемлекеттік сатып алу саласына тәртіп орнатуды жиі тапсыратыны да сондықтан. «Сыбайлас жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Мұнымен мықтап күресетін боламыз. Оның ішінде «мемлекеттік сатып алу саласына ерекше назар аударылмақ».

Жемқорлық араласқан жерде сапа болмайды. Тіпті «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның өзінде жемқорлыққа негіз болатын жағдайлар көп. Әрине, оның барлығы жемқорлықпен жасалады деген сөз емес. Бірақ бұл жемқорлық қатерін арттыратын негізгі фактордың бірі. Одан бөлек, техникалық ерекшелікті нақты бір өнім берушіге арнап жазу, шарттарын әдейі қиындату немесе түсініксіз етіп жазу сынды мәселелер алдан шығады. Мұндай конкурстарға компаниялардың барлығы бірдей қатыса бермейді. Тәуекел жоғары. Сондықтан мемлекеттік сатып алу процесін барынша анық әрі ашық еткен абзал.

Сатып алуға теріс әсері көп тағы бір мәселеге тоқталып кетсек. Ол – мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырып, өткізе алатын білікті мамандардың аздығы. Айтуынша, республикалық, облыстық деңгейдегі жағдай жақсы. Бірақ аудан, ауыл көлемінде мамандар жетіспейді. Бұл сатып алу құжаттарын сапалы, дұрыс толтыруға кедергі келтіреді. Мұның кесірі тұтас процеске тиеді. Сатып алуды сапасыз өткізу – қаржыны тиімсіз жұмсау, жемқорлық тәуекелдерін арттыру деген сөз.

Түйіндей келе айтарымыз, мемлекеттік сатып алу саласындағы кемшіліктер ел экономикасына ғана емес, сіз бен біздің өмірімізге де тікелей әсер етеді. Ендеше, саладағы талап пен тәртіпті барынша күшейткен абзал.

Ж.А.АБДУАИТОВ,
Қызылорда мемлекеттік мүлік және
жекешелендіру департаментінің
Активтерді басқару бөлімінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!