Тіл – мемлекет тұтастығының, ел бірлігінің және халықтың рухани болмысының айнасы. Әр ұлттың тарихы, мәдениеті мен құндылығы тіл арқылы қалыптасады, ал тілдің мәртебесі – елдің мәртебесі. Қазақ елі үшін мемлекеттік тіл – Тәуелсіздіктің символы, егемендіктің нышаны. Сондықтан да мемлекеттік тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, әділет пен заңның, мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің тілі болуы тиіс.
Қазақ тілі – ғасырлар бойғы халық даналығының, шешендік өнердің, құқықтық ойдың алтын арқауы. Ежелгі дәуірдің би-шешендері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би – әділдіктің туын тіл арқылы көтеріп, қара қылды қақ жарған шешімдерін қазақ тілінде айтып, елге өнеге болған. Олардың әділ сөзі – жазылмаған заңның негізі, ал сол заң тілі – қазақтың ана тілі еді. Демек, біздің тарихымызда әділет пен тіл әрқашан егіз ұғым болған.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесі заң жүзінде бекітілген. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп айқын жазылған. Бұл – елдің саяси тәуелсіздігімен қатар, рухани тәуелсіздігін айқындайтын тарихи шешім. Қазір мемлекеттік органдар мен құқық қорғау мекемелерінде құжат айналымының қазақ тілінде жүргізілуі – тілдің өміршеңдігін арттырудағы маңызды қадам. Әділет пен заң саласында мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы – халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттырып, азаматтардың өз құқықтарын ана тілінде қорғауына мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тілдің әділет жүйесіндегі рөлі зор. Заңды дұрыс түсініп, өз құқығын қорғау үшін азаматтың ана тілінде еркін сөйлей алуы қажет. Соттар мен құқық қорғау органдарында іс жүргізудің қазақ тілінде өрбуі – әділдік пен ашықтықтың кепілі. Өйткені заңның тілі түсінікті болған сайын, халықтың сенімі артады. Мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкердің кәсіби парызы ғана емес, елге деген құрметінің өлшемі. Әділет саласындағы әрбір маман мемлекеттік тілде сауатты сөйлеп, құжатты қазақ тілінде жүргізсе, ол – ел тәуелсіздігіне қосылған үлес, халық алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Қазіргі заманда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылып келеді. «Тіл туралы» заң, «Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы», түрлі мемлекеттік бағдарламалар – соның айғағы. Бұл істердің барлығының түпкі мақсаты – қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында, соның ішінде заң мен әділет саласында толыққанды қолдану. Әрбір сот құжаты, әрбір ресми баяндама, әрбір құқықтық кеңес қазақ тілінде еркін жүргізілгенде ғана тіл шынайы мемлекеттік деңгейге көтеріледі.
Тіл мен заң – егіз ұғым. Тілсіз заң түсініксіз, ал заңсыз тіл әлсіз. Тілдің күші – оның өмірде қолданылуында, ал заңның күші – оның әділдігінде. Екеуін ұштастыру – елдіктің белгісі. Мемлекеттік тілде әділ сот жүргізу, құқықтық құжаттарды қазақ тілінде рәсімдеу, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін туған тілінде түсінуі – мемлекеттің дамыған, демократиялық және өркениетті ел екенін көрсетеді.
Мемлекеттік тіл – ұлттың айбыны, әділет пен заңның айнасы. Тілді құрметтеу – әділдікті, елдікті, тәуелсіздікті құрметтеу. Сондықтан әрбір азамат қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, оны мемлекеттік басқару мен құқықтық салада орнықтыруға өз үлесін қосуға тиіс. Әділет қазақ тілінде сөйлегенде ғана шынайы тәуелсіз елдің бейнесі қалыптасады. Өйткені мемлекеттік тіл – әділеттің дауысы, елдің намысы, ұлттың рухы.
Ұ.Оразгелді Қызылорда облысы Әділет департаментінің басшысының міндетін атқарушы, Әдеп жөніндегі уәкіл
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!