Фото: aikyn.kz

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі. Ұлттық мәдениеті жоқ ел ешқашан егемен бола алмайды, болуы мүмкін емес. Қазақ тілінің тағдыры үшін күрес кейінгі жүз жылда бірде-бір рет толас тапқан жоқ. Ұлы Абайдың заманын айтпағанда, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған тұлғалар тіл мәселесіне ерекше мән беріп, оның шексіз байлығын, суреткерлік қуатын, бейнелілігі мен саздылығын көркемдік сапа деңгейіне жеткізді.

Бүгінде мемлекеттік тілді білу мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Қазір мұндай талап қойылатын лауазым саны күн өткен сайын артып келеді. Біз – өзі намысшыл халықпыз. Тіл білетін қазақ – намысшыл. Тіл білмейтін қазақ одан да намысшыл. Оларды өзге тілді білмедің деп шетке итермеу керек. Қайта бауырға тарту қажет. Бізге көп тіл білгеннің артықтығы жоқ. Алдағы уақытта Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіргелі отырмыз. Осы ретте бізге қазақ, орыс, ағылшын, тіпті қытай тілін де мықтап меңгеріп алу керек.

Домбыраны шерткендей, мықты мамандарды да мемлекет ісіне таңдап аларда талап қойып, олардың бірнеше тілді еркін меңгергеніне артықшылық берілуі тиіс. Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан тіл мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр. Тіл мәселесінің өте нәзік екені, оның зорлықпен емес тек қана шынайы ынтамен ғана үйренуге болатыны белгілі.

Ал тіл – тарих тереңіне бойлатып, өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылу аясын кеңейте түсу қажеттігі – заңды құбылыс.

«Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп жазылған. Үкімет, өзге де мемлекеттік жергілікті, өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті» делінген.

Тіл – халықтың алтын діңгегі. Өзін-өзі білетін әр халық алдымен өзінің туған тілін сыйлап, мақтан тұтып, басқа ұлттарға насихаттауы керек. Өйткені, халықтың даналығы, жырлары, шежірелері сол халықтың тілінде жазылады. Тіл – қай ұлтта болмасын қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін құндылық – ана тілі. Қазақ тілі түркі тілдердің ішіндегі ең таза, ең бай тілге жатады. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. «Ана тілі – халық болып жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі».

Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі. Бүгінгі күні тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген азамат оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды.

Көзі қарақты, оқыған-тоқығаны мол, өзінің ғана емес, өзге ұлттың да қайғы- қасіретін ұғынатын рухы биік әрбір азамат «қазақ тілінің тағдыры – қазақ халқының тағдыры» екенін терең түсінуі керек. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір дегендей, қазақ еліміздің болашағы – қазақ тілінде деп, мемлекетіміздің келешегі жайлы терең ойлап, мәртебесін көкке көтеруге ұмтылуымыз қажет.

Көркем МҰХАНБЕТҚАЛИ,
Қызылорда қалалық сотының жетекші маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!