Фото: azattyq-ruhy.kz

Қазақ тілі –  менің ұлтымның жаны, халықтың рухани айнасы, тарих пен болашақты байланыстыратын алтын көпір. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесі тек заңдық құжаттарда ғана белгіленіп қоятын түсінік емес, ол – елдіктің негізі, ұлттық сана мен мәдениеттің тірегі болып келеді. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деу арқылы мен өзімнің жеке болмысымды және азаматтық ұстанымымды айқындаймын. Өйткені тіл әрбір адамның дүниетанымын қалыптастыратын басты құрал, ал мемлекеттік тіл – сол адамның өз Отанымен байланысын нығайтатын ерекше құндылық.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде тіл мәселесі әр мемлекеттің күн тәртібінде маңызды орын алатын тақырып болып келеді. Әлемдік ақпараттық кеңістіктегі түрлі өзгерістер, ұлттар мен мәдениеттердің араласуы кейде тілдің қолдану аясын тарылтуы мүмкін. Алайда мемлекеттік тілдің тірі ағза секілді дамуы, қоғаммен етене байланыста болуы оны сақтап қалудың басты жолы ретінде белгіленеді. Қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіретін, мемлекеттік басқарудан бастап, ғылым мен білім, технология, экономика салаларына дейін қызмет етуге тиісті тіл.

Қазіргі таңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде орнығуы тәуелсіздіктің басты жетістіктерінің бірі. Кеңестік кезеңде шектеуге ұшыраса да, халқымыз өзінің ана тілін жүрек түкпірінде сақтап қала білді. Тәуелсіздік алғаннан кейін тілдің мәртебесін көтеру бағытында көптеген заңдар мен бағдарламалар қабылданды. Бұл қадамдар – тілді құрметтеудің айқын көрінісі ғана емес, сонымен қатар оны болашақ ұрпаққа жеткізудің сенімді кепілі бола алды. Кез келген азамат оның азаматтық жауапкершілігі ретінде мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза алуға міндетті деп санаймын, себебі тілді меңгеру  тек тіл мамандарының немесе этникалық қазақтардың міндеті емес, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы. Қазақ тілі – Қазақстандағы барша халықтың ортақ мүддесіне қызмет ететін тіл, ортақ достықтың, өзара түсіністіктің тілі.

Мен үшін қазақ тілім туған өлкемнің табиғатындай шынайы, халқымның тарихындай терең, Ұлы Даланың кеңдігіндей бай тіл. Тіл арқылы жас ұрпақ ата-баба дәстүрін бойына сіңіріп, ұлттық тамырынан қуат алады. «Өз тілін құрметтеген адам – өзін құрметтеген адам» деген қанатты сөздің мәні дәл осында.

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді дамыту бағытында мектептерде, жоғары оқу орындарында түрлі әдістемелер, инновациялық бағдарламалар енгізілуде. Көптілділік саясаты да тілдердің өзара байытуына, жастардың әлемдік білімге қол жеткізуіне жол ашып отыр. Дегенмен бұл саясат қазақ тілінің рөліне нұқсан келтірмеуі қажет. Керісінше, қазақ тілі білім мен ғылымның негізгі тіліне айналуы тиіс. Ол үшін тілді тек тұрмыстық деңгейде емес, кәсіби салада, цифрлық технологияда, халықаралық ғылым кеңістігінде белсенді пайдалануға ұмтылуымыз қажет.

Жастардың бойында тілге деген мақтаныш сезімін оятуы мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Мектеп қабырғасынан бастап мемлекеттік тілдің құдіретін сезініп өскен ұрпақ болашақта елдің дамуына өз үлесін қосады. Қазақ тілінде сөйлеген әрбір жас – тәуелсіздіктің тірегі. Біз өз жерімізде өмір сүріп отырып, өз тілімізді дамытуға міндеттіміз. Егер бір ұлт өз тілін ұмыта бастаса, ол ұлттың рухани тәуелсіздігі мен мәдени тұтастығы әлсірейді. Сондықтан тілдің тағдыры әрқайсымыздың қолымызда. Қазақ тілін құрметтеу – Қазақстанды құрметтеу. Қазақ тілін халықаралық деңгейде таныту да аса маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда шет елдерде қазақ тілін үйрететін орталықтар ашылуда, қазақ тілін оқып-үйренгісі келетін шетелдік азаматтардың қатары жыл сайын артып келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің жоғары екендігінің және ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтың арта түскенінің белгісі. Қазақ тілін шетелдіктер меңгере бастағанда, ол тек ұлттық мұра ғана емес, әлемдік мәдениетті толықтыратын тілге айналады.

Сонымен қатар, тіл бір ұлтты екінші ұлттан ерекшелендіретін басты белгісі болып табылады. Сол себепті қазақ тілінің мәртебесін арттыру ұлттық қауіпсіздіктің де бір бөлігі. Тіл әлсіресе, ұлттың да рухы бәсеңдейді. Тілдің болашағына бей-жай қарау болашақ ұрпақтың рухани өміріне селқос қараумен тең. Біз ата-бабамыздан мұра болып келген осы байлықты сақтап, оны әрі қарай дамыту арқылы ғана елдігімізді баянды етеміз.

Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі – менің тілім, менің өткенім, бүгінім және болашағым. Мемлекеттік тіл – елдікті сақтайтын, ұлтты ұйыстыратын күш. Сол себепті мен қазақ тілінің дамуына үлес қосып, оны құрметтеуді парыз санаймын. Қазақ тілін сүйген адам – Отанына адал жан. Әрбір қазақстандық осы ұстанымды берік ұстанса, қазақ тілінің болашағы жарқын болары сөзсіз. Мемлекеттік тілдің өркендеуі ең алдымен қоғам мүшелерінің оған деген көзқарасына байланысты. Тілді қадірлеу тек ресми шараларда ғана көрініс табуы жеткіліксіз. Ол күнделікті тұрмыста, қоғамдық ортада, отбасында қолданысқа түскенде ғана тілдің болашағы жарқын болмақ. Бүгінгі таңда көптеген ата-аналар балаларын балабақшадан бастап қазақ тілінде оқытуға мән беруде. Бұл – тіліміздің қолданыс аясын кеңейтудің ең тиімді жолдарының бірі. Себебі бала тілді жас кезінен игерсе, ол оның ойлау жүйесін қалыптастырып, ұлттық мәдениетті тезірек игеруге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге мемлекеттік тілдің беделі оның экономикалық және әлеуметтік салада қолданылуымен де өлшенеді. Мысалы, кәсіпкерлік, бизнес, цифрлық индустрия салаларында қазақ тілі кең ауқымда дамыса, бұл тілдің заман талабына бейім екенін дәлелдейді. Жаңа технологиялық терминдерді қазақша сөйлеу кеңістігіне енгізу қажеттілігі тіліміздің байлығын арттырып қана қоймай, әлемдік ғылым тілдерінің қатарынан табылуына жол ашады. Мұндай жаңғыру тілдің табиғи дамуының көрінісіне алып келеді.

“Мемлекеттік тіл – менің тілім!”, мен қазақ тілінде сөйлеуді мақтаныш санаймын. Ана тілім арқылы өз ойымды анық жеткізе аламын, ұлттық мәдениетімді танып қана қоймай, оны дамытуды өзімнің міндетім деп білемін. Мемлекеттік тіл — менің рухани тірегім, ұлттық тұлға ретінде қалыптасуыма әсер ететін ең басты құндылық. Қазақ тілін білмей азаматтық тұлға толық қалыптаспайды деп ойлаймын. Себебі туған тілін терең меңгерген адам ғана туған жеріне шынайы қызмет ете алады.

Ительгиева Н.А.

Қызылорда облысы

Әділет департаментінің әкімшілік бөлімінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!