Қазақ тілі – тегеуріні мықты, бай тіл. Бабамыздан мирас болып келе жатқан ана тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Алайда ел арасында тілді шұбарлап сөйлеп, өзге тілмен араластырып қолданатындарды көргенде бойыңды намыс билейді. Өз тіліне құрметі жоқ жандардың өзіне де құрметі жоқ дер едім…

Міне, осындай мәселелерді түбегейлі жою жолдары қандай, қайтсек тіліміздің тазалығын сақтап қаламыз деген мәселе кез келген тіл жанашыры үшін алдыңғы орында тұратыны анық. Тіпті елге белгілі ғалымдар мен зерттеушілер мұндай мәселені болдырмаудың жолдарын ұсынып та жүр. Дегенмен еліне, жеріне, тіліне деген жанашырлық, ең алдымен, әр адамның бойында болу керек арда қасиет деп санаймын. Ол үшін сонау ерте жастан, бала кезден отбасындағы, мектептегі тәрбие дұрыс болуы шарт екені анық. Осындайда қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген екен. Жалпы қазақтың қай нақыл сөзі мен мақал-мәтелін алсаңыз да тәрбиеге тұнып тұр ғой. Тек сол қанатты сөздердің мән-мағынасын ұғынып, орынды қолдана білсек, болғаны.

Өмір болған соң барлығының екі жағы бар екені белгілі. Анамыздың сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді кенже дамып келеді деуге де негіз жоқ. Себебі тәуелсіз елімізде егемендік алғалы төл тіліміздің тұғырлы болуы үшін көп жұмыс атқарылды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарлама мен іс-шара ұйымдастырылып жүр. Нәтижелері де көз қуантарлық десек, артық айтқандық емес.

Қорыта келе, тәуелсіздік алған 35 жылдың ішінде еліміз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл – мақтанарлық жағдай. Тәуелсіздікті аңсап жүрген мемлекеттер де бар. Әлемде егемендігі бола тұра, өз тілінде сөйлей алмайтын жұрттар да бар. Оның қасында біз тәуелсіз елі бар, өз мемлекеттік тілі бар, өз шекарасы бар ел екенімізді мақтан етуіміз керек. Бастағы бақтың мәңгі сақталуы – әр адамның, әр қазақтың тікелей өзіне, сана-сезіміне байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, елге, тұтас ұлтқа жөн сілтеу үшін ең алдымен, әркім өзі елін, тілін шексіз сүюі керек. Сол тілдің түғырлы болуы үшін титімдей болсын үлес қосуы керек. Сонда ғана шоқтығы биік тәуелсіздігіміз мәңгі болмақ!

Әсем БАЙБОЛОВА,
Т.Есетов атындағы
№264 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!