“Есірткі” деген сөзді айналамызда көп естиміз. Оның пайдалануға болмайтын, зиянды нәрсе екенінен хабардармыз. Ал сол сөздің нақты анықтамасын білеміз бе? Әр елде бұл сөзге әртүрлі сипаттама береді. Қарапайым тілмен айтқанда, есірткі – ауру сезгіштікті жоятын, тәуелділікті туындататын, денсаулыққа орны толмас залал келтіретін химиялық зат.
Есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны өте көп:
- Жүйке тұрақсыздығына алып келеді;
- Себепсіз ашулануға алып келеді;
- Мастықты тудырады;
- Миды улайды;
- Уақытша рахаттану сезімін тудырады;
- Дене мүшелерін өзгеріске ұшыратады.
Есірткінің марихуана, кокаин, экстази секілді көптеген түрлері бар. Қай түрі болмасын, біздің денсаулығымыз бен жүйке жүйемізді құрдымға кетіреді. Сонымен бірге, ол қоршаған орта мен қоғамға жасалған үлкен қиянат болып табылады. Адамзатқа тигізетін осыншама кесірі үшін әлемнің барлық елі түгелдей есірткі айналымын шектеген.
Ойланбай жасалған бір-ақ қадам адамның алдағы бүкіл өміріне қауіп төндіреді. Есірткі, темекі, алкоголь сияқты жағымсыз нәрселерден үнемі алшақ болу керек. Біріншіден, олар ешқандай пайда әкелмейді. Екіншіден, қайта орны толмас қауіпке әкеліп, тәуелділікті туындатуы мүмкін. Жастайынан балаға осы нәрселерді айта беріп, санасына құю қажет. Қанша санасына құйғанмен, бір сәтте байқамастан жай дәмін көремін, одан ештеңе бола қоймас деп, өзі қалай аузына апарғанын да білмей қалуы мүмкін. Дегенмен, есірткінің қаншалықты зиян екенін білетін, өз денсаулығы мен болашағын ойлайтын адам ондайға бара қоймас. Досың, танысың немесе көшедегі бұзақы байқап көруді ұсынса, қарсылық таныт. – Жоқ деп айт. Осы бір жоқ деген сөз бізді таудай бәледен құтқарады.
Қазіргі жастар денсаулықтарына күтім жасайтын, оған мән беретін, өздерін дамытуға ұмтылатын, ақылды әрі өзгеше буын ғой. Дәлірек айтсам, өзім сондаймын және көптеген жастардан да осыны байқадым. Салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға деген құштарлығымызды оятып, өз – өзімізді бақылаған абзал. Спортшылар әдетте ішімдік, темекі секілді нәрселерге қызықпайтындай, спортпен шұғылданатын адам да бұндай нәрселерден бойын аулақ ұстауға тырысады.
Жастар арасында да, ересектер арасында да нашақорлар бар. Олар үнемі болған. Есірткіні бір рет татып көрген адам тәуелді болып, одан арылу өте қиынға соғады. Көбіне ештеңеге қызығушылықтары жоқ, сүйікті ісі жоқ, спортпен, шығармашылықпен айналыспайтын, сабақ оқымайтын, жұмыс жасамайтын бос жүрген адамдар нашақорлыққа жиі барады. Бірақ ең бастысы, бәрі адамның өзіне байланысты. Әркімнің өз өмірі өз қолында.
Жасөспірімдер арасындағы нашақорлықты болдырмау үшін ата – ана баланы қадағалап, жағдайын сұрап, ашық әңгімелесуі керек. Баланың ең жақын достары – ол ата-анасы. Достар секілді шынайы, түсіністікпен сөйлесіп, оның күнделікті не істегенін, көңіл – күйінің қандай болғанын, көмек қажет болса, оны да сұрап білу – бала үшін үлкен қолдау. Осының арқасында, бала өзінің жалғыз емес екенін, ата – анасы оны жақсы көретінін сезеді. Баласы бос уақытында немен айналысады, кімдермен араласады, достары қандай адамдар деген сияқты мәселелер ата – ананың басты назарында болуға тиіс. Ата – аналар да балаларына дұрыс үлгі бола білуге міндетті. Өздері де есірткі атаулыға жоламай, салауатты өмір салтын қолдаулары керек. Оны көріп өскен бала да есірткінің қаншалықты қауіпті екенін ұғынып, оған жоламайтын болады.
Алдағы уақытта нашақорлардың саны азаяды деп сенемін. Себебі біз, жас ұрпақ салауатты өмір салтын таңдаймыз. Айналамыздағы азғырушылардың сөзіне ермей, өз таңдауымызды жасасақ – бұл біздің жарқын болашағымыздың кепілі. Ұлы Абай атамыз өзінің 31-ші қара сөзінде былай деген: “Ой кеселдері:уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.” Шынында, адамды тоздыратын нәрселердің бірі – құмарлық. Бұл Абайдың болашақ ұрпағына қалдырған өсиеті, тура жолды көрсетер компасы секілді. Ойымыз бен бойымызды құмарлықтан алшақ ұстайық. Ой мен бой таза болмаса, жылдар бойы алған білімің, жасаған қызметің, бәрі түкке тұрғысыз болып қалады. Абай атамыз бізге сенген. Ендеше, Абайдың ұрпақтары деп мақтана айтатындай дәрежеден ғана көрінуге міндеттіміз.
Жания Кәрімжан,
Қызылорда қаласы
Т.Есетов атындағы
№ 264 мектеп-лицейінің 10 «Д» сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!