Мен ең алғаш рет «есірткі» деген сөздің мағынасын 7- сыныпта дүниежүзі тарихы сабағында «Апиын соғысы» атты тақырыпты өткен кезде білдім. Тарих пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшім болған ұстазым осы тақырыпты бізге түсіндіру барысында апиынның не екенін, оның зияны мен зардаптары жайлы барынша жеткізуге тырысты. «Апиын соғысы» –Англия мен Қытай арасындағы соғыс… Оның шығу себебі: ағылшындар заңсыз жолмен қытайлықтарға есірткі сата бастапты. Ал қытай үкіметі бұл саудаға қарсы болған. Есімде анық қалғаны: қытайлықтар жеңіліс тауып, содан кейін есірткі сату саудасы ашық заңды түрде жүргізіле бастапты.
Осы тақырып төңірегінде қолыма қалам алмас бұрын, мені «есірткіні кім шығарды және неге адамдар оған сонша құмар болады?» деген ой қатты мазалады. Осы орайда , сұрағыма жауап табу үшін қазіргі таңда не керектінің бәрін алдыңа әкеп жайып тастайтындай қауқары бар әлеуметтік желіден есірткіге тәуелді болу, нашақорлық туралы біраз бейнебаяндар көрдім, есірткінің тұзағына түскен адамдардың сұхбатын тыңдадым. Байқасам, есірткі қолданушылардың басым бөлігі жасөспірімдер және 25 жасқа дейінгілер екен. Бұның себебі, осы жаста адамдар аңғалдау және еліктегіш келеді. «Бір рет қолдансам, ештеңе етпейді ғой» деген оймен барлығын бастайды. Соңында, оған қалай тәуелді болып қалғанын сезбей де қалады екен. Солайша, біреулерде қызық көруден басталса, енді біреуінде жеке басының қиындықтарынан басталған көрінеді. Есірткінің аз сәттік буына елітіп, зардабын ойламай,барлық қиындықтарын ұмытқысы келеді екен-міс. Алайда, өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, қоғамдағы бұл жазылуы қиын ауыр дерт ешкімді өз уысынан оңайлықпен шығармайтыны алаңдатады. Уақытша қиыншылығыңды ұмыттырамын, көңіліңді бір сәтке көтеремін дей отырып, өз құрығымен талай жастың өмірін арбап, талай аналарымыздың бетінен күлкі емес, көзінен ащы жас шығарып, қызық көрер шағында азапқа салып отырғаны қандай өкінішті. Жап- жас, білімді, көрсе көз тоярлықтай қаракөз бозбалалардың өмірінің неге апарып соққанын көргенімде , шынымен, менің жүрегім қатты ауырды. Неге, неге деген жауапсыз сұрақтар мен шешімін таппаған сан сауалдарым көңілімді байыз таптырмады.
Бәлкім, дәл қазіргідей ақпараты көп әлеуметтік желінің үстемдік құрып тұрған шағында кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлінуі қажет- ақ шығар. Спорттық үйірмелер, түрлі шығармашылықтағы оқушылар үйлері, тіпті, пікір сайыстар мен ата- аналарымыз айтып отыратын қызықты би кештерін жиі ұйымдастырып, жаман әдеттерге қарсы іс- шараларды көптеп өткізу керек шығар?! Себебі, ғалымдардың зерттеуі бойынша (бір мақаладан оқып едім) есірткі құрығына ілінетіндер көбіне кезінде сабақты тым жақсы оқыған, бойында идея, энергиясы мол жастар боп келеді. Өйткені, олар сол күш- қуатын тиісті, пайдалы іске жұмсамағандықтан , көбіне осындай түзу емес жолға түсіп, өз- өздерін жойып жіберуге дейін барады екен. Ал, енді біреулері Абай атамыз айтпақшы, «көйлегі көктік, қарыны тоқтықпен» барады. Күндіз- түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, баламды адам қыламын деген ата- аналарының бар тапқан- таянғанын осылай аздырар іске жұмсайтындарға не дерсің?! Әлде, ақыл айтар, тәрбие көрсетер қоршаған орта ықпалы, әсері аз ба екен? Дегенмен, осындай қоғамға қажетті жастарымыздың өмірін сақтап қалу үшін аянып қалмайықшы.
Есірткіні- ғасыр тажалы деп есептеген бүкіл әлем жұртшылығы қазіргі таңда тынбай күресуде . Ақын Қадыр мырза Әли атамыз : «Еуропа ондаған халықты отарласа, есірткі Еуропаны отарлады» – депті. Былтырғы 2020 жылдың статистикасына сүйенсем, елімізде 300 мың нашақор тіркеліпті. Бұл мәлімет тіптен зәремді ұшырды. Бұл сан келесі жылы өсе бере ме? … ойлаудың өзі қорқынышты… Одан да, әлем болып осы есірткі өндіруші мен тасымалдаушыларды құрықтаса, жолдарына балта шапса қалай болады екен, ә?!.. Ал, жастарымыз «Кімде-кім өзіне өмір беріп, әлпештеп өсірген ата- анама қарыздармын деп білсе, адал ұл- қыз боламын десе- арақ ішпесін! Өз ортасына қадірлі адам болам десе- темекі шекпесін! Өз қоғамына пайдалы азамат болам десе- нашаға әуестенбесін!» деген қағиданы басшылыққа алып, салауатты өмір салтын ұстанса нұр үстіне нұр болар еді- ау!
Әсия Қуантқанова,
Арал қаласы, №220 орта мектебінің 8- сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!