«Қызылорда ОПД ЕҚКІБ
тарапынан жарияланған сайысына»
Иә, иә расында да мен саған есірткі жайлы айтып бергім келіп отыр. Бір қызығы бұл мақаланы жазу маған оңай тиген жоқ. Себебі, бұл тақырыпта мен секілді мектеп қабырғасындағы оқушының айтушыдан көрі тыңдаушы болғаны дұрыс. Өйткені шылым шеккен мен ішімдік ішкен адамды көзбен көргеніммен, есірткі препорттарын тұтынатын жанды жолықтырғаным жоқ. Тек, есірткі жөнінінде мектеп ішілік тәрбие сағаттарынан естігенмін. Сол себептен де мен интернет жүйесінен ақпараттар іздей бастадым.
Ақпарат көздерінің айтуынша бұл мәселенің өршуі біздің елімізде өткен ғасырдың 90-шы жылдың басынан бастау алған деседі. Себебі Қазақстан өзінің географиялық орналасуына байланысты Ауғанстаннан келетін және Ресейде немесе Батыс Еуропада аяқталатын есірткі транзиттік саудасының орталығында орналасып тұруымен байланысты. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртетін болсақ Қазақстанда жыл сайын 20-дан 40 тоннаға дейін түрлі есірткі заттары тәркіленеді екен. Өкінішке орай Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, есірткіден өлім-жітім бойынша Қазақстан әлемдегі 93 елдің ішінде 33-ші орынға жайғасқан. Бұл қуанып сүйінші сұрарлық жаңалық емес, дегенмен еліміздегі нақты жағдай осындай көрініс тауып отыр. Статистикалық ақпараттарды әрі қарай да ақтаратын болсақ елімізде ресми түрде 20 мыңнан астам адам нашақорлар ретінде тіркеуде тұр. Олардың жас шамасы 25 пен 44 жас. Ал тіркелмей жасырын түрде есірткі қолданып жүргендердің есебінде қисап жоқ дейді білетіндер.
90 жылдардан бастау алған есірткі бизнесінде героин, анаша, кокоин, марихуана және т.б. атаулары жиі кездескен болса, қазіргі таңда синтетикалық есірткінің көптеген түрі пайда болған. Бұрынғы есірткілерге қарағанда синтетикалық есірткінің зияны 2 есе екені анықталған. Сонымен қатар синтетикалық есірткілерді сатып алу да оңай болып отыр.
Қазіргі таңда синтетикалық есірткі біреуге қайғы болса, ал біреулерге пайда көзі болып отыр. Синтетикалық есірткі жасайтын, бақылауға алынған есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың тізбесінде жағадан есірткінің 89 түрін анықталды және де бұл заттардың айналымы үшін кез келген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Барлығы тізімде 368 зат бар.
2020 жылы Қазақстанның Қылмыстық кодексіне жаңа бап енгізілді. Ол есірткіні насихаттағаны немесе жарнамалағаны үшін үш жылдан алты жылға дейін қылмыстық жауапкершілік белгілейді. Ресми ақпарат бойынша, жыл басынан бері осы бап бойынша 10 қылмыстық іс қозғалған.
Бұдан басқа, Кодекстің басқа да бірқатар баптарында қылмыстық әрекетті жіктейтін жаңа белгі — «электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы»енгізілді. Полицияның мәліметінше, есірткіні электронды ресурстарды қолдана отырып сату жағдайында 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады делінген.
Ғаламтор желісінің жедел дамып отырған аумалы-төкпелі заманында синтетикалы есірткінің бизнесі жүріп тұрғанын көруге болады. Кез келген жасөспірім оқушы бұндай синтетикалық есірткіге қол жеткізе алатыны анық. Бұл кеселден жастарды қорғау мақсатында бүкіл қоғам болып күш жұмылдыру қажет деп ойлаймын. Осы орайда мен өзімнің төмендегідей ойларыммен бөліскім келеді.
Мектеп қабырғасындағы оқушыларды 10-12 жастан бастап есірткінің зиянды әсері туралы ақпараттармен таныстыру, фильмдер көрсету. 13-16 жас аралығындағы оқушыларға жәй теориялық білімнен бөлек сауықтыру орталықтарына апарып, емделіп жүрген адамдармен жүздестірсе балалар терең ойлана отырып, есірткінің торына түспейді деген ойдамын.
Мақала соңын Норвегиялық ғалымдардың дәлелдеді зерттеулерімен қорытқанды жөн көрдім. Ата-ана баласымен неғұрлым көп уақыт өткізсе, баланың тыйым салынған есірткілерді сынап көру мүмкіндігі соғұрлым аз болады екен. Егер ата-ана балаға өмірді және оның барлық көріністерін бағалай білуге үйретпесе, табиғи қуаныштармен өмір сүруге үйретпесе, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сол себептен де әр жасөспірім баланың жанында қиын кезеңдерде отбасы табылса екен деген тілегім бар.
Нәби ЫДЫРЫС,
М.Шоқай атындағы
№187 IT мектеп-лицейінің 6 «А» сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!