Журналистика – қоғамның келбеті, жақұт көзі және тіл, елдің жүрегі. Мамандықтың тарихы тереңде. Өміршең мамандық.

Ежелгі Мысырда папирус парағына ақпарат жазылса, көне Римде хабарландырушылар тақтайшалар ілетін. Осылайша, журналистиканың шежіресі басталды. Арада талай жыл өтсе де, түпкі мағынасын сақтай отырып, бүгінге жетті. Қоғамның айнасы деп атауымыздың өзіңдік сыры бар. Күнделікті тіршілікте болып жатқан хабарларды журналист ой елегінен өткізіп, үлкен бұқараға ұсынды. Нәтижесінде, айналада орын алып жатқан күллі жайттан ел хабардар болады. Сонымен қатар тағы да айта кететін мағынасы терең ой бар. Ол – ұлттық құндылық. Журналистер сөз майданының айналасында жүргеннен кейін, патриот болуы тиіс. Өз елінің тарихын, қадір-қасиетін сезініп, оны терең сезінуі керек.

Міне, мен мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан сәтімде маңызы бөлек мамандықты таңдап отырмын. Бұл – асқақ арманның жетегінде оянған жалын. Арман… Қандай тәтті түсінік десеңші… Менің көгілдір экрандағы дикторларға еліктеп, оқиға орнынан шұғыл сұхбат алып жүретін тілшілерге сонау балалық шағымнан бастап назарым ауған. Теледидардың арғы жақ бетінде тұрып, тікелей эфирді, я болмаса жаңалықтарды, тіпті концерт бағдарламасын жүргізіп тұрған журналистің өзін-өзі ұстау шеберлігі, өзіне деген сенімділігі, батылдығы, батырлығы мені тәнті ететін.Тілшілердің тірлігіне тамсанып жүргенде өзіме «қашан камера алдында дәл осылай күлімсіреп, халықтың назарында жүреді екенмін?» деп сұрақ қойып та аламын. Осы арманыммен алысқа қол созғым келетін мен уақытымды зая кетірмей, ізденісте жүрмін. Журналистиканың тарихын, түпкі тамырын, журналистке тән шеберлік бұқаралық ақпарат құралдарына тән ерекшеліктер мен стильді зерттеп, санама құйып келемін.

Ендігі мақсатым – арманымды ақиқатқа айналдыру. Ол, әрине, елге танымал, білікті, кәсіби журналист атану. «Адам өмірінде мамандық таңдаудан қателеспеу керек» дейді. Саналы адам саналы түрде мамандық таңдау қажет.

Журналистиканы әркім әрқалай түсінеді. Бірі «журналист – төртінші билік өкілі» десе, екіншісі «ақпарат таратушы» дейді. Журналистика жан-жақтылықты талап ететін, жүгі ауыр, жауапкершілігі мол сала. Дәл сонысымен ерекше. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» демекші, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Зерттеулерге назар аударсақ, 2030 жылға қарай әлемде 57 мамандық жойылып кететін көрінеді. Ал журналистиканың болашағы ешқашан бұлыңғыр болған емес. Сол үшін егемен еліміздің мәртебесін биіктетіп, дамыған елдердің қатарынан орын алуына өз үлесімізді қосу мақсатында жан-жақты білім алуымыз керек. Білім және ғылымды қатар игеріп, ғана еліміздің абыройын асқақтатарымыз сөзсіз.

Алтынай ҚУАНДЫҚОВА,
Б.Момынбаев атындағы
№278 IT мектеп-лицейінің түлегі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!