“Ұлы дала сарбазы”. Мектеп бағдарламаларынан осы тіркесті кезіктірсем, көз алдыма мен үшін үлгі адам – Аймұрат Нұрлыбекұлы еріксіз келеді.
Бізге айтатын тәлімге толы әңгімелерінің бірінде көкем: «1992-2001 жылдар аралығында қазақстандық сарбаздар тәжік-ауған аумағында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзеттік. Ауғанстаннан кіруге тырысқан топтың жолына тұрып, қақтығыстың одан әрі өршуіне жол бермедік», – деп толғаныспен еске алды. Қазір көкемнің омырауында «Қазақ Батыры» төсбелгісі жарқырап тұр. Осындай сарбазды дүниеге әкеліп, отансүйгіштікке тәрбиелеген анасы «Ана Жүрегі» төсбелгісімен марапатталған.
Аймұрат көкемнің бейбітшілік жолында атқарған бұл қызметі біздерге үлгі-өнеге. Жанымда жүрген ерік-жігері мол сарбазды, ел үшін отқа түсуге дайын азаматты мақтаныш тұтамыз, менің жақыным екені бұл сезімді еселей түседі десем артық емес. Өйткені сол уақытта әрбір сарбаз азаматтық пен батырлықтың биік үлгісін көрсетті. Отан алдындағы парызын ақтады. Ал бұл ерлік ешқашан ұмытылмайды. Шағын мақаламды жария етуімнің себебі де биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Тарихтағы аса қасіретті кезеңнің бірі, жастық шағын туған жерден тыс жерде, майдан даласында өткізген азаматтардың ерлігін дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Бақдаулет ҚУАНЫШҰЛЫ,
№253 орта мектеп оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!