Астана халықаралық әуежайынан «Астана – Алматы» бағытында ұшып бара жатқан жолаушы тіркеу кезінде өзімен бомба бар екенін айтқан. Әуежайда дабыл қағылып, қызметкерлер нысанды шұғыл тексеруге мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алайда Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметіндегілер ешқандай жарылғыш заттың нысан аумағында жоқ екенін анықтады.

Жарылғыш зат туралы жалған хабар берген жолаушы рейстен шеттетіліп, желілік полиция бөлімі қызметкерлеріне тапсырылды.

Қазір жолаушыға қатысты ҚР ҚК 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әуежай – стратегиялық маңызды нысан. Мұнда келген әр жолаушы ұшаққа отырмас бұрын жіті тексеріледі. Жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген жолаушы өзінің түсініктемесінде «бір қызды ұнатып, соған әзілдемек ниетте» айтқанын жеткізді. Алайда авиациалық қауіпсіздік әзілдеуге келмейтін тақырып. Сондықтан жолаушылардан әуежайдың тексеру қызметіне жауапкершілікпен қарап, жарылғыш зат туралы жалған ақпарат таратпауын сұраймыз», – деді «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы» АҚ PR қызметінің басшысы Тойгүл Жубанисова.

Айта кетейік, жыл басынан бері Астана халықаралық әуежайында жарылғыш зат туралы жалған ақпарат беру бойынша 30 іс тіркелген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!