Күн ұясына батуға таяу атасының жанында жүретін кішкентай қызымның ауызашар сәттегі дайындығы күшті. Қолын жайып, құрманы жеуге асығатын бала болмысына қарап, өзімдегі ең алғаш «ораза» деген түсініктің қалай қалыптасқанын есіме түсіремін де, күлкім келеді. Сіз күлмеңіз, бірақ…
Ауылдық жерде телефон желісі жоқ, ораза кісілер ауызашар сәтті газеттен қарайтын уақыт. Тіпті қазіргідей ораза жайлы көпшілік әңгіме айтып, қызу талқыламайтын. Тек Рамазан айы кірер алдында ауыл адамдары бірінен соң бірі «иіс» жасайтын. Иіс дегеніміз – ағайын- туыстарды қонаққа шақырып, құран оқу. «Ораза кезінде «иіс» жасау маңызды екен ғой» деген шала түсінікте жүретін мен оқушы кезімде ораза тұтуға бекіндім. Баламын ғой, алдымен үй киімдерімнің бәрін жуып, іштей дайындала бастадым. Шынымды айтсам, сауап аламын деген ниетке қарағанда қорқынышым басым. «Қарным ашса шыдамай, бір жерде құлап қаламын ба, жар ортаға келгенде ауыз ашып жіберсем Құдай жазалай ма?» деп құтым қашып жүрген. Ертесі Рамазан айы кіретін уақыт. Кешке таяу анама ораза ұстайтынымды айтқанда, анам «Ұстамайсың. Ораза саған ойыншық емес» деп шорт кесті. Анама ренжіген күйі оразаны келесі жылдың еншісіне тапсырып қала бердім.
Сол күйі анам мектеп уақытында ораза ұстауға рұқсат бермеді. «Алла алдында парыз болған амалды балалықпен бұзып алмасын» деген болар. Ең қызығы, мектеп бітірер жылы ауыл мешітінде сынып болып ауызашар ұйымдастырдық. Бәріміз «Алла разылығы үшін ауызашар берсек, ҰБТ-дан жоғары балл жинаймыз» деген оймен жүрміз. Ата-аналар да әр тілек айтқан сайын «оқуға түсіп кетсін» деген сөзді ұмыт қалдырмайды. Сол үшін сыныптас қызбен бірге мешіт есігінің алдына тұрып, үлкен кісілердің сырт киімін, аяқ киімін алып батасын алуға асығамыз. Тіпті екеуміз батаға таласып, ренжісіп қалғанымыз бар. Үлкендер ауыз ашып, енді әңгімеге бет бұра бергенде ораза ұстаушыларға деп ауылдағы жағдайы жақсы, жеке дүкені бар Айман апаның бір қалта сый таратқаны да есімде. Ішінде шай, құрма сынды сәреге жейтін дүниелер бар. Шынымды айтсам, «мен де ораза ұстағанымда осы сыйды алып, анама апарып қуантатын едім» деп ойлағаныма қазір ұяламын. Ең үлкен сыйдың Жаратушыдан берілетінін мен ол кезде білген жоқпын-ау сонда?!
Студент атанып, қала өміріне жайлап үйрене бастаған жылы анам ораза ұстауға рұқсат берді. Ол кезде ораза жаз айына тұспа-тұс келген. Әпкем екеуміз мәз болып, ауыз бекіттік. Таңертең анам ішінде жарығы жоқ кішкене сарайға барып, ботқа пісіріп, шай дайындап береді. Дәмдінің бәріне тойған соң, әпкеммен бірге газет қиындысындағы арабша, кейін қазақша жазылған дұғаны оқимыз. Сіз күлмеңіз, бірақ ауыз бекітіп болып, бір кесе суды тағы ішіп алатын едік. Бірінші дұға оқып, сосын су ішіп ауыз бекітеді дегенді қайдан естігенімізді білмеймін?! Солай бекіткен оразаны өзіміз қайта ашып, балалық құлшылығымызға қуанып жүрген екенбіз. Мүмкін, білместікпен жасаған бұл қателікті Алла кешіретін болар… Бастысы ол кезде Алла үшін деген ой маңызды еді.
Анамның біздің денсаулығымызға алаңдағанын, құлшылыққа бейқам қарамасын деген ойын өзім ана атанғалы жақсы түсінемін. Оразаны тек тілектің қабыл болуына немесе әлдекімнің сый беруіне емес, Алланың разылығын алу үшін тұтатынын да терең ұға түстім. Құдай қаласа балаларым өскенде ең алғашқы оразалары мен жасаған амалдары қателіксіз өтсе екен деймін. Сол күнге аман жеткізсін!
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!