Абзал ЖОЛТЕРЕК:

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында жеткізгендей, «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Әр адамның балалық шағы – патшаның тағы. Өмірдегі тәтті естеліктерінен тек бала күнгі басынан өткен оқиғалары ғана айна-қатесіз есінде қалады. Әсіресе, отбасындағы қызықты да ерекше сәттер әлі күнге дейін санада сақталады. Менде де солай.

Бірер күннен соң 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі. Мейрам қарсаңында редакция ұжымы өздерінің аналарына деген тілектерін газет бетіне түсіруді құп көрді. Сол секілді мен де өзімнің анаммен бірге бала күнгі есте қалған оқиғаммен бөліскенді жөн санадым.

2004 жылдың қыркүйегі, аптаның соңғы күні таңын атырған. Базар іші сабылысқан адам, қайнаған тіршілік. Бұл күні бала-шағасының қамы үшін нәпақасын айырып жүрген әйел-аналар үйдегі ескі-құсқыны азын-аулақ ақшаға сатуға шығаратын. Біздегілер мұны «Өттік базар» деп атайды. Саудаласуға келетін де сол үйдегі жүгірмектерге болсын деп жүрген жұрт.

Менің анам...

Бірде анам базардың кіреберіс қақпасынан түкпірдегі ескірген киім-кешек сатқан бір топ сатушының жанына қарай жетектеді. Қаз-қатар тізілген картон. Жайылған көйлек, сым шалбар, құлақшын мен бәтеңке. Асықпай барлығын көзімен бір сүзіп шыққан анам шетте отырған сары әжейге сәлемін салып, оң беті сәл өңген қоңыр шалбар мен өкше тақасы түскен бәтеңкенің бағасын сұрады. Сатушы айтқан баға анама ұнамаса керек, келесісіне бұрыла кетті. Бұл кезде мен оң қолыммен қос қара дорбаны басып, сол қолымды ұнтақ қантты ерітіп дайындаған «қораз кәмпиттен» ала алмай тұрмын.

Сырттай қолындағы балағы кең қара шалбар мен қонышты қара бәтеңкені шақтаған анам, сыбырлай «шақ келеді, кем-кетігін ретке келтіріп аламын» деп саудаласа кетті. Сәлден соң базардың қыж-қыж қайнаған тіршілігінен кейін кең көшенің бойында: «Сәл шыда, жаңа әдемі көйлек те киесің» деп терең тыныстағаны бар. Бұл отағасының тапқан-таянғанын айдан-айға азық-түлікке жаратып, ауысқанына балаларын кезекпен киіндіретін анамның кезекті күйбеңі еді. Өзі ішіп-жеп, киім кимесе де осылай қыста киетін киімдерімізді ертерек түгендеп қоятын.

Кейін араға жылдар салып, анам базардан орын алды. Түркістан мен Шымкент қалаларынан арзан бағада киім тасып, саудагер болып шыға келді. Алғаш сапары кезінде де жанында болып, осы оқиғаны күліп еске алғанымыз бар…

Бала күнімде анамның жанында көп жүрдім. Әңгімесін тыңдап, әр жетістігімді бөлісіп отыратынмын. Әлі күнге дейін «Ақпатшам» деп еркелетуден жалыққан емес. Осы күні қандай да бір биікті бағындырған болсам, ол – анамның дұғасы, жан баласының жанына қаяу салмасам, ол – анамның тәрбиесі.

Өткен жылы анам 51 жасқа толды. Көпшілік «Анаң әлі жас қой» деп жатады. Ал оның қартайып, ажарына әжім түсе бастағанын әр үйге барған сайын мен ғана байқаймын…


Айдана ЖҰМАДИНОВА:

Ана деген сөзден-ақ мейірімділік сезіледі маған. Мүмкін аты да Сәуле болғасын шығар… Кітап оқу, мақала жазу, әдемі дүниелерді байқап, сурет салуды анамнан үйрендім десем болады.

Ауылдық жерде тұрсақ та анам біздің оқуымызға, шығармашылық қабілетіміздің дамуына ерекше мән берді. Бір ерекшелігі анам маған үй шаруасын көп істетпейтін, далада атқарылатын жұмысты тапсырмайтын, ауырды мүлде көтертпейтін. Оның орнына «сабақ оқып болдың ба», «шаршасаң, демалып ал» дегенді көп айтатын.

Біржағы қаталдығы да бар, үй жұмысын қалай орындағанымды тексеріп, өзі қабылдап алғанша ойынға жібермейтін. Келесі сабақты мұғалімнен бұрын түсіндіріп, оқытып жіберетін. Сондықтан болар сабақтан 4 деген баға алуға ұялатынмын. Отбасымызда сенбі күні үйді толықтай жинау деген бұлжымайтын тәртіп бар еді. Ол кездегі қаталдығы енді бөлек әңгіме.

Менің анам...

Тіпті оқушы кездегі алғашқы мақалаларымды «Айгөлек» журналына анам жазып беретін. Ал мен оны тек көшіремін. Қатесін тексеріп, конвертке салып, редакцияға жолдайтын да анам. Бір-екі реттен соң мақаланы өзім жазуды үйреніп, «Айгөлек» пен «Ұланның» жас тілшісі атандым.

Бала кезде жақсы оқығаныммен, өте ұяң едім. Бірақ анам бір бет шығарма жазсам да, сенің қолыңнан келеді деп мақтайтын, жарысқа қатыссам, түнімен дайындалдырып, киіміме дейін өзі үтіктейтін. Байқағаным, мен жетістікке жеткен сайын анамның көзі жарқырып, менен бетер қуанды. Ал мен анамды қуантуды ойлайтынмын. Мейірімге толы жүректің иесі осылайша бала кезімізден-ақ ішкі сеніміміздің қалыптасуына жұмыс істеген екен.

Анам бізбен әңгімелесу кезінде ешкім туралы жаман айтпайтын. Әрбір сынып жетекшімді мақтап отыратын. Ең сенімді адам анаң болғасын, қоршаған ортаға да алғашқыда анаңның көзімен қарайсың, түсіндіруімен бағалайсың. Содан болар мені үнемі жақсы мұғалім, достар қоршаған деп сенетінмін. Бұл, әрине, жақсы ойлауыңа, үнемі ортамен жақсы қарым-қатынаста болуыңа әсер етеді.

Анам туралы көп жазуға болады. Бірақ оның маған деген махаббатын сөзбен жеткізе алмаймын. Мерекеңіз құтты болсын, анашым! Ұзақ ғұмыр тілеймін! Жүрегіңіз әрдайым қуанышқа толы болсын!


Нұршат НЫШАНОВА:

Ана – әлемдегі бар сүйіспеншілікті өн бойына сыйдыра білген асыл сөз. Менің анам қандай адам? Анам жақсы көретінін көп айта бермегенімен, оның әр ісінен балаларына деген шын ықыласы мен махаббатын сезінемін. Осы күні қалай бір адамның бойына осыншама ақыл, даналық пен көрегенділік сыйып тұр деп ойланамын. Менің анам – менің өмірлік ұстазым, үлгі тұтар ардақты адам.

Айта берсем, анама түрлі теңеуді де, мақтау-мадақты да лайық көремін. Өйткені өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп, қиындықтарға мойымай, балаларынан бөлек бауырларына да демеу болып жүрген менің анам мен білетін ең қайсар жан.

Менің анам...

Менің анам мен білетін адамдардың ішінде өмірді сүруді сүйетін ерекше тұлға. Қанша жыл талмай еңбек етсе де, оның өмірге деген талпынысы, арман-мақсаттары маған мотивация сыйлайды. Кейде өзім үшін емес, анамды бақытты ету үшін ғаламның бар ғажабын қолына ұстатқым келеді. Лайым, сол күнге жетуді жазсын. Алла сол тілегімді орындау үшін маған демеу берсін, ал әлемді аяғымның астына әкелген анама бар жақсыны көретін ғұмыр берсін деп тілеймін.

Осы мереке аясында, барша аналдарды, әйелдер мен қыз-бойжеткендер қауымын осынау ерекше мерекемен құттықтаймын! Өмірдің сәні, отбасының тірегі бола білген әрбір нәзік жанды ару бақытты болуға лайық.


Аружан ОРАЛБАЙ:

Айша бибі, Тұмар мен Ұмай, Бопай, Домалақ
аналардай дүниені мейріміне орап ап,
жүрегіне бөлеген жаны аяулы бір адам,
Мен өзіңдей бола алсам, басқа бақыт сұраман!
Тіршіліктің бастауы, Адам сүйген Хауадай,
Құдіреттің иесі Құдайдан соң Ана ғой!

Ана! Осы бір ауыз сөзге сыйып тұрған мәңгілік мейірім мен шексіз махаббат ұғымын саналы адамзаттың сезінбеуі мүмкін емес. Менің анам – менің ұстазым. Дүние есігін ашқан сәтімнен бастап шексіз махаббатына бөлеп, шынайы демеу болған жалғыз жанашырым.

Менің анам...

«Ананың жаны – бозторғай, баланың жаны – балапан» дейді… Жасым ғасырдың ширегінен асса да шалғай кетсем шырылдайтын жүрек барын сезіну – шын бақыт. Осынау ғұмырымда қандай да бір белесті бағындырып, қандай жетістікке жетсем де барлығының бастауында анам тұратыны хақ. Себебі ең алғаш қолыма қалам ұстатқан – анам. Ең алғаш ел алдында өлең оқысам, сол сахнаға жетелеген де – анам. Ең алғаш додаға түсіп, топ жарып шыққан сәтімде шын қуанған бір адам болса, ол – менің анам.

Бар білетінім, анам жайлы ешқашан айтып тауыса алмайтыным һәм оның маған арнағанын ешқашан өтей алмайтыным ғана… Жүз жасасаң арманым жоқ, жан ана!


Әлия ТӘЖІБАЙ:

Жуырда Еркеш Хасеннің орындауындағы ана туралы әнді тыңдап отырып, жанарым жасқа толды. Ән аяқталса да, жүрегімде сағыныш пен өксік қалып қойды.

Бізді дүниеге әкелген жан туралы айтудан да, жазудан да шармаймыз. Себебі өмірдің ағысына ілесіп, түрлі мақсаттың жетегінде жүргенімізде, біз үшін жанын шүберекке түйетін жан бар, ол – ана. Бала кезімізде құласақ, тіземіз емес, анамыздың жүрегі қан жылайтын. Өсе келе қателессек те жанымыздан табылатын жалғыз адам – ана.

Әр перзентке өз анасы баға жетпес байлық демекші, бала күнімде «Сенің анам алтын, менің анам алтын» деген әнді ұнатпаушы едім. Менің анам ғана алтын болу керек деп, құрбыларымның құлақ етін жейтінмін. Балалық дейміз бе, білмеймін. Бірақ сол кезде мен үшін дүниедегі ең асыл жан – анам еді, қазір де солай.

Әлі есімде. Бірде ата-анам сапарға шықты. Шамамен ол уақытта 5-6 сынып оқимын. Біреуге кішкентай, біреуге үлкен қызбын. Бірақ анамды сағынып, жұпар иісі сіңген киімдерін иіскейтінмін. Ол иісті басқа еш жерден таппайсыз. Тіпті әтірлерден де керемет еді. Ақ халатын танауыңа жақындатқанда ішкі уайымым да, сағынышым да басылатындай болатын.

Менің анам...

Тоңазытқыш етке толы болса да, картоппен ғана әзірленген рожкиді ұнатамын. Себебі еш дәмдеуішсіз, аяқ асты жасалған осы тамақтың өзін анам дәмді етіп пісіреді. Кейде арнайылап, осы тамақты тапсырыспен әзірлетеміз. Білмеймін, бірақ әзірге менікі дәмсіз шығады. Ал пеште пісірген ыстық табананын маймен жегенде әлемді ұмытып кетемін. Анам қолы ашық, жүзі жайдарлы жан. Қарапайым бауырсақ пісірсе де, достарыма арнайылап беріп жібереді. Олар да әр жұма күнді асыға күтеді. Кішігірім дәстүр десек те болады. Тағамдары бір бөлек, ал жұмыс, үй шаруасы мен отбасыға көңіл бөлуі бір төбе. Есімді білгелі, айналамды танығалы анам қызметте болды. Дегенмен қонақтарды да баптап, тойға да барып, бәрі-бәріне уақыт табатын. Анамның жан жақтылығын, барлығын білетінін көргеннен кейін бе, бала Әлия «папа мен мама аспаннан барлығын біліп жерге түскен» деп ойлайтын…

Уақыт өте есейгенде анам құрбыма, сырласыма айналды. Ешқандай жағдайды жасырмай, бір- бірімізбен еркін сөйлесеміз. Анасы мен қызы ретінде бірге кино көруді, театрға баруды дәстүрге айналдырдық. Бұл күндер менің жүрегімде өшпейтін сәтке айналды. Себебі анамның қуанышы, эмоциялары мен үшін ұмытылмайды. Ойланып қарасам, анам мен үшін ғаламның жарығын сыйлаған күн тәрізді екен. Ол болмаса, менің өмірімде дәл осындай жылулық, дәл осындай мейірім болмас еді. Оның еркелеткен сәттері, берген ақылы, үнемі тілеуімді тілеп жүретіні – бәрі менің жанымның ең қымбат байлығы.

Жанымның жарығын және барлық аналарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!