Былтыр Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі «Менің бауырым» еріктілер жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойды. Жоба негізінен әлеуметтік көмек ретінде іске асырылмақ.

Бірлескен құжат балалардың құқықтарын қорғауға және мектеп оқушыларының қауіпсіз ортада білім алуына бағытталған. Яғни волонтер студенттер кішкентайларға ақыл-кеңес беріп, қамқорлығын көрсетеді. Бұл орайда Оқуағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларының қауіпсіздігін сақтау мемлекеттің маңызды міндеті екендігін атап өтті.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ізгі қоғам қалыптастыруда аға буынмен қатар жастардың да қосар үлесі зор болмақ. Басқаларға ерікті түрде көмек қолын созу ұлтжандылықтың тікелей көрінісі.
Алғашында пилоттық жоба ретінде Астанада басталған бағдарламаға педагогика, құқық, психология, әлеуметтік педагогика және ақпараттық технология мамандықтары бойынша 3-4 курста оқитын ЖОО студенттері атсалысуда. Жобаға қатысқан белсенді жастардың еңбегі елеусіз қалмайды. Еріктілікпен көзге түскен студенттерге мемлекет, оқу орны тарапынан түрлі жеңілдік қарастырылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек толық түсіндіріп берді.
– АҚШ-та «Community service», яғни «Қоғамдық қызмет» деген пән бар. Еліміздегі жоғары оқу орындарына ол енгізілуде. 6 университетте бірінші кезекте пилоттық жобаны іске қостық. Бұл оқу орындарында 100% академиялық көрсеткіштермен өлшенетін GPA-ді келесідей бөлдік: 50% академиялық көрсеткіш, 25% – ғылыми-зерттеу қызметі және 25% – қоғамдық-әлеуметтік жұмыс. Яғни әр студенттің әлеуметтік қызметі: волонтерлік, спорт, әлеуметтік, мәдени жобалары да есептеледі. Жалпы көрсеткіштің 25%-на қосылады. Сондықтан «Менің бауырым» жобасын іске қосу қоғамға пайдасы тиетін игі бастама деп санауға болады. Балаларымыздың әлауқатының жақсы болуы – мемлекеттің игілігі, – деді министр.
Жоба еріктілері алдымен арнайы тренингтерден өтіп, мектепте балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеу жөнінде тәлім алады.
Бұл бастама қазір өз жұмысын бастап кетті. Ізгілікке бағытталған бағдарлама жастарды мейірімділікке, елге жанашыр болуға баулиды деген ойдамыз.


Арайлым ОРАЗҒАЛИ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!