Фото:

Фото: kp.ru

Бала кезімнен-ақ теледидардан мультфильмнің орнына телебағдарламалар қарап, өзім де соларға ұқсап, адамдардан сұхбат алатынмын. Ал есейе келе ақпарат саласы бойынша жоғары білім алып, журналист болғым келетінін түсіндім.

Сол кездегі қызығушылығымды байқаған анам музыка мектебіне апарып, «Фортепиано және сольфеджио» пәніне оқытты. Ол оқу орнынан өзім секілді пікірлес адамдарды, ойлау дағдыларымыз ұқсас жандарды кездестіріп, шығармашылығымды жетілдіре түстім.

Уақыт өте өзімді медиа сферасында көргім келетінін түсініп, түрлі журналист – аналитиктердің сабақтарына қатысып, мәнерлеп оқу, эссе жазу байқауларында бағымды сынадым. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, асығым алшысынан түсіп, біраз жетістікке жете бастадым.

Журналистика – қиындығы мен қызығы, тәттісі мен ащысы мол, жан-жақты білімділік пен зеректілікті талап ететін жауапты сала. Шығармашылық ізденіс арқылы қоғамға қызмет ететін кәсіп көзі. Биліктің төртінші өкілі болып саналатын БАҚ қызметкерлері қоғамға жететін әрбір ақпаратты сараптаудан өткізіп, толығымен зерттейді.

ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Сейдулла Садықов «Журналистика – біз бен сіз. Мұны жәй қарамау керек. Ұлттың рухани бағытын айқындауға пайдасы зор. Басқаларға аса қажетті болмауы мүмкін. Жалпы әлемдегі ең қауіпті мамандық дер едім. Десе де қоршаған әлем журналистер үшін маңызды» деген пікір айтады. Бұл пікір менің журналистика саласына деген көзқарасымды айқындап, бұл мамандықтың өз ұлтымызға деген орасан зор пайдасын түсіндіргендей болды. Сонымен қатар менің медиа жолыма бағыт берген бірнеше қазақтың бетке ұстар журналистері бар. Атап айтар болсам, Нартай Аралбайұлы, Нұрсұлтан Құрман.

Ал ең сүйікті журналисім – Нұрбек Бекбау. Өз ойын ашық жеткізетін БАҚ өкілінің бірі. «Қалай сөйлейсің, солай жаз» деп үйреткен жан. Саналы ұрпақ тәрбиелеуге бар күшін салып, қазақ тілінің дамуына зор үлес қосып жүр.

Осы тұлғалардан бөлек өзім ерекше құрметтейтін Ләйлә Сұлтанқызы, Әйкерім Есенәлі, Әйгерім Сейфолла және тағы да басқа журналистермен кездесу бұйырды.

Журналистің рухы мықты, тілі өткір, ойы терең болуы керек. Журналистика – қалың елге сапалы ақпарат жеткізетін ерекше мамандық. Алла қаласа, осы салада мықты маман боламын деп сенемін.

Диана ҰЛАНБЕКҚЫЗЫ,
«Мансап» мектебінің
11-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!