Уақыт өлшемінде кей мерекелердің сәні кетсе де, Республика күні – мәні мен салмағы жоғалмайтын мерекелердің бірі. Өйткені 25 қазан − ел тәуелсіздігінің тұғырын, халықтың еркін ойы мен елдік болмысын еске түсіретін ерекше белес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында: «Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу, сол арқылы еліміздің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру», − деді. Сонымен қатар тәуелсіздіктің бәрінен де қымбат құндылық екенін атап өтті.
− Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.
Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі, − деді Қ.Тоқаев.
Салтанатты жиын барысында маңызды сандар да айтылды. Мәселен 2019 жылдан бері ел экономикасы 16%-ға өсіп, былтыр осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңгеге жеткен. Ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 47% артып, 14400 долларды көрсетіп тұр. Сонымен қатар жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83%-ға артып, бүгінде 142 миллиард долларды құрап отыр.
Президенттің айтуынша, кейінгі уақытта жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келген. Осы ретте Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Ал Премьер-министрге тапсырма беріліп, алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қабылданады.
− Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін.
Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым, − деді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табысталды.
Сыр елінде де мереке сән салтанатымен ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында мерекелік іс-шара өтті. Оған басқарма, департамент, құқық қорғау органдарының басшылары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Мерекелік іс-шарада елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды. Сонымен қатар Рәміздер аллеясында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Ту көтеру сәтінде әскери хор гимн орындап, салтанатты жиын «Чемпионмен бірге жүгір» марафонына ұласты.
Айта кеткен жөн, аймақтағы даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 миллиард теңге болса, биыл 207 миллиард теңгеге жетіп, 4,5 есе артқан. 2025-2028 жылдары құны 2 триллион теңгеден асатын 89 инвестициялық жоба аясында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сыр өңірінде 2022 жылдан бері 200-ге жуық халыққа қажетті әлеуметтік нысан салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Сондай-ақ 1 600 шақырым автомобиль жолдары мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 144 миллиард 775 миллион теңге бөлінген.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
