Мереке – көпшілік үшін демалыс, қуаныш пен басқосу уақыты. Ал сол сәтте ел тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі үшін күндіз-түні тыным таппай еңбек ететін жандар бар. Олар – жедел жәрдем дәрігерлері, құтқарушылар, диспетчерлер, коммуналдық қызмет мамандары. Қоғам қалыпты тіршілігін жалғастыруы үшін мереке күндері де қызметінен қол үзбейтін осы сала өкілдерінің еңбегі қашан да құрметке лайық.
Қызылорда облысында мереке күндері тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында барлық жедел және коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде, тәулік бойы жұмыс істеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында сала басшылары атқарылған жұмыстарды қорытындылап, мереке күндері қызмет еткен мамандардың қажырлы еңбегіне алғыс білдірді.
Мереке күндері денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін аса жауапты кезең саналады. Осы уақыт аралығында облыс бойынша 75 жедел жәрдем бригадасы үздіксіз қызмет атқарды. Сонымен қатар БМСК ұйымдарының жанынан 29 мобильдік топ қысқартылған режимде қызмет көрсеткен. Ал 31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында «103» жедел желісіне 6700-ге жуық шақыру түсіп, барлығы дер кезінде орындалған. Біршама тұрғынға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, 1896 науқас ауруханаға жеткізілді. Оның 826-сы балалар. Травматологиялық пунктерге де тұрғындар жиі жүгінген. Нақтыласақ 258 адам жеткізілді, ал 213 тұрғынға жедел көмек көрсетілген. Дәрігерлердің кәсібилігі мен жеделдігі арқасында қалыпты босанулар уақытылы қабылданып, ана мен бала өміріне қауіп төнген жағдайлар тіркелмеді. Тіпті жаңа жыл түні облыс бойынша 54 сәби дүниеге келді. Бұл да медицина қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің айғағы емес пе?!

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Төтенше жағдайлар департаментінің рөлі ерекше. Мереке күндері департамент бөлімшелері күшейтілген кезекшілікке көшіп, жедел шақыртуларға дер кезінде әрекет етті. Тіркелген төтенше жағдайлардың барлығы техногендік сипатта болғанымен, олардың әрқайсысы жедел бақылауға алынған. Құтқару жұмыстарына жүзден астам қызметкер мен ондаған техника жұмылдырылып, қажет болған жағдайда ұшқышсыз ұшу аппараттары да пайдаланылған.
− Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті де мереке күндері күшейтілген кезекшілік режиміне көшті. Осы уақыт аралығында департамент бөлімшелері 22 рет жедел шақыртуға шықты. Тіркелген төтенше жағдайлардың барлығы техногендік сипатта болды. Облыс бойынша орта есеппен 164 қызметкер, 45 техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақ жұмылдырылды. Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, − деді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.
Сонымен қатар мереке күндері облыс әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» мекемесі де «109» және «112» бірыңғай байланыс нөмірлері арқылы күшейтілген режимде жұмыс жүргізді.
Орталықтың директоры Бағлан Терлікбаевтың айтуынша, «112» желісіне барлығы 3583 хабарлама түскен.
− Барлық өтініш дер кезінде қабылданып, жауапты органдарға жолданды. «112» желісіне барлығы 3583 хабарлама түсіп, оның 1615-і шұғыл сипатта болды. Ал «109» желісіне 1973 өтінім түсіп, оның 96,5 пайызы орындалды. Өтініштердің басым бөлігі электрмен жабдықтау, су, газ, жылу жүйесіне қатысты. Халықтың өтініштеріне уақытылы және сапалы жауап беру басты назарда болды, − деді Бағлан Терлікбаев.
Қорытындылай келе, мереке – көпшілік үшін демалыс пен қуаныш кезеңі болса, жауапты сала қызметкерлері үшін сын сағаты екені айқын байқалды. Қызылорда облысында медицина, төтенше жағдайлар, жедел әрекет ету және коммуналдық қызмет мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігі толық бақылауда болды. Мыңдаған шақырту мен өтініш дер кезінде орындалып, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туды. Бұл – өз ісіне адал, кәсіби білікті мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сондықтан мереке күндері де ел тыныштығын күзеткен азаматтардың еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!