Көктемнің алғашқы айы келді де, қарбалас басталды. Мерекелік дайындықтың қызу жүріп жатқаны сізге де сезіліп жатқан болар, оқырман. 8 наурыз − әйел-аналарға, аруларға құрмет көрсететін, жылы сөз бен ықылас мол айтылатын мереке.
Осы күндері гүл дүкендерінде жұмыс расымен де еселенеді. Себебі мерекенің символы да осы гүлдер ғой. Ендеше осы саладағы мамандардың пікірін тыңдайық. Флорист Айгерім Төлеу сұраныстағы гүл, бағасы мен жиі жазылатын тілектер және күтім жайлы айтып берді.
− Қызғалдақ пен раушан. Дәл осы екі гүл 8 наурыз қарсаңында сұранысқа ие. Қызғалдақ көктемнің символы ретінде жеңіл, нәзік көңіл-күй сыйласа, раушан классикалық таңдау саналады. Кейінгі жылдары аралас композициялар да жиі алынады. Мысалы ашық түсті раушан мен қызғалдақты эвкалипт жапырағымен үйлестіру сәнге айналған. Мұндай жиынтық бір жағынан нәзік, екінші жағынан көлемді көрінеді, – дейді Айгерім.
Флорист мереке алдында бағалардың өсуі заңдылық екенін жасырмады. Оның сөзінше, сұраныс артқан сайын логистика мен жеткізу шығындары да көбейеді. Қарапайым қызғалдақтың шоғы 7-12 мың теңге аралығында болса, орташа көлемдегі раушан букеті 15-25 мың теңгеге дейін барады. Ерекше дизайнерлік композициялар 30-50 мың теңге шамасында сатылуы мүмкін. Айгерімнің пікірінше, баға гүлдің санына ғана емес, оралу стилі мен қосымша әрлеуіне де байланысты.
Мереке қарсаңында гүлмен бірге берілетін жазбалар да ерекше мәнге ие. Айгерімнің айтуынша, ең жиі жазылатын сөздер − «Мереке құтты болсын!», «Көктемге құлпыруды үйретші» деген қысқа әрі жылы тілектер. Жастар сүйіктілеріне арнап әсерлі, кейде әзіл аралас жазбалар қалдырады. Флористің байқауынша, кейінгі жылдары адамдар ұзақ мәтіннен гөрі жүректен шыққан бір-екі сөйлемді артық көреді.
«Ең жақсы комбинация қандай?» деген сұраққа Айгерім тепе-теңдік маңызды екенін айтады. Тым көп түсті араластырмай, екі-үш үндес реңкті таңдаған дұрыс. Мысалы ақ және қызғылт раушанға аздап жасыл жапырақ қосу немесе сары қызғалдақты ақ хризантемамен үйлестіру көзге жағымды көрінеді. Оның сөзінше, бастысы − гүл алатын адамның мінезі мен жасын ескеру.
Гүлдің ұзақ сақталуы да көптің көкейіндегі мәселе. Айгерім шоқты алғаннан кейін бірден таза, салқын суға қою керегін айтады. Судың ішіне арнайы қоректік қоспа қосуға болады немесе суды күн сайын ауыстырып тұрған жөн. Сабақтарын қиғаштап қайта кесу гүлдің ылғалды жақсы сіңіруіне көмектеседі. Сонымен қатар гүлді тікелей күн сәулесінен және жылы батарея жанынан алыс ұстау қажет.
Флористтің айтуынша, 8 наурызда адамдар тек сән үшін емес, көңілден шығатын сыйлық іздейді. Сондықтан шоқтың бағасынан бұрын оның мәні маңызды. Бір тал гүлдің өзі ықыласпен берілсе, үлкен гүл шоқтарынан кем әсер қалдырмайды.
Камилла САҒЫНДЫҚОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің 4 курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
