Коллаж: Ulysmedia

Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер-азаматтың міндеті. Еліміздің шекарасын кірпік қақпай қорғайтын әскердің санымен қатар біліктілік сапасы маңызды. Сыр елінде наурыз айында мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталады.

Әскери қызмет – ер баланы темірдей тәртіпке, төзімділікке үйретіп, патриоттық сезімін арттыратын, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін орта. Облыста әскери қызметке шақыру бірінші наурыз күні басталған болатын. Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жөнінде Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұлов ақпарат алаңында баяндап берді.

Облыста 18-27 жас аралы ғындағы ер азаматтар еліміздің Қарулы күштерінде және басқа да әскери құрылымдарда Отан алдындағы борышын өтейді. Көктемгі мерзімді әскерге Қызылорда облысынан 850-ге жуық ер-азамат барады. Оның ішінде Шекара қызметінде 160-қа жуық, Қарулы күштер қатарында 410, Ұлттық Ұлан қызметінде 260-қа тарта, Мемлекетттік күзет қызметінде 15 азамат әскери борышын өтейді. Қазірдің өзінде шекара қызметіне аттандыру жұмыстары бойынша 80-ге жуық азамат әскери борышын өтеуге жіберілді, – деді Жасұлан Бөгенбайұлы.

Әскери қызметке шақыру жұмыстары маусым айына дейін жалғасады. Сарбаздардың мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде несие мерзімін 1 жылға тоқтатуға, білім беру секторында жеңілдіктер беруге (ұлттық бірыңғай тестілеусіз жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндіктері бар), сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде жеңілдіктер қарастырылған.

Әскери бөлімдерге елімізді қорғауға қабілетті, денсаулығы мықты, дене бітімі шыныққан, сауаты жеткілікті, моральдық-іскерлік қабілеті жоғары азаматтар аттанады.

Мақсат ҚОСЫМБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!