Фото: parlam.kz

Бүгін мәжіліс отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы екінші, қорытынды оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заң жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың шамадан тыс кредит алу тәуекелдерін азайту және олардың проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Осы мақсатта тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге, сондай-ақ тоқсан күннен астам мерзімі өткен қазіргі кредиттеріне сыйақы есептеуге тыйым салынады.

Мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін төлем мерзімін өткізіп алған кезден бастап 24 айға дейін жеке тұлғалардың талап ету құқықтарын коллекторлық агенттіктерге беруге шектеу енгізіледі және берешекті реттеудің кемінде бір рәсімін міндетті түрде жүргізгеннен кейін ғана беруге рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығаруға тыйым салынады.

Бұдан басқа, заң жобасында кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен екі еселенген мөлшеріне дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ, заң жобасында берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізу мерзімдерін 18 айдан 12 айға дейін қысқарту көзделген.

Заң жобасымен жұмыс шеңберінде депутаттар мына мәселелерге қатысты түзетулер енгізді:

  • Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен нормативтік құқықтық актісімен банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін айқындау;
  • жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз  және микрокредит шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторлық агенттікке беруге 2026 жылға дейін мораторий енгізу;

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!