Ауа райының күрт өзгеруі, жауынның жаууы, найзағайдың жарқылы сынды табиғи құбылыстың қалай пайда болатынын адамзат ертеден-ақ зерттеп, болжаған. Ал ата-бабамыз көшпелі халық болғандықтан, ауа райын құстар мен ауған бұлттың, жүгірген аңның, аққан судың, төрт түлік малдың қимылына қарап ауа-райын білген. Мысалы, күн қызыл шапаққа оранып батса, ертесіне ыстық болады, ай қораланса, қыс қатты болады. Үркер суға түссе, күн жауынды болады деп дөп басып айтып отырған. Бір таңқаларлығы, бұл болжамдар қанша ғасыр өтсе де өзектілігін жоймады.

Болжаммен шектелгісі келмеген Еуропа бұл саланы тыңғылықты зерттеуге XVII ғасырда кірісті. Мәселен, Италия ғалымы Г.Галилей мен Э.Торричелли алғашқы метеорологиялық аспапқа жататын барометр мен термометрді құрастырып, метеорологияның дамуына ықпал етті. Кейіннен желдің жылдамдығын, жауын-шашынның мөлшерін, ауаның ылғалдылығын анықтайтын аспаптар шыға бастады. Бұлардың барлығы бұл саланың дамуының алғашқы сатысы еді. Кейіннен ауа-райын болжауға арналған аспаптар саны артып, жер-жерде арнайы мамандар даярланып, станциялар құрыла бастады.

Алғашқы бекеттер

Алғашқыда метеоролог-ғалымдар атмосфераның жоғарғы қабатымен танысу үшін ХХ ғасырда радиозонд аппаратын ұшырды. Осылайша атмосферадағы озонның, электрлік элементтердің мөлшерін, ауаның химиялық құрамын анықтау тәсілі белгіленді. Одан әрі бұл саланы жетілдіру мақсатында орыс ғалымы А.Воейков атмосфераның жалпы таралуы, жер шарындағы су айналымы, қардың түсуі сынды құбылысты зерттеп, өлшеусіз еңбек етті. Ал ел тарихында ауа райын алғаш зерттеген ғалым деп Шоқан Уәлихановты атаймыз. Ол Іле, Жоңғар Алатауындағы атмосфера қысымын, ауа температурасы мен ылғалдылығын, жел күшін құралдармен зерттеген.

Ал еліміздегі алғашқы аспаптық метеорологиялық бақылау жүргiзу – 1855 жылы Қазалы және Семей қаласында басталды. 1917 жылы ел аумағында 94 метеорологиялық станция мен 49 бекет, 123 гидрометеорологиялық бақылау бекетi жұмыс iстедi. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін 1999 жылы 2 наурызда ел Үкіметінің №185 қаулысына сәйкес, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Содан бері 24 наурыз Халықаралық метеорология күнi болып бекітілді.

МЕТЕОРОЛОГ БОЛУ ҮШІН

Метеорология саласына қызығушылық танытатын жастар Ұлттық бырыңғай тестілеуде география пәні бойынша сыннан өтеді. Бұл салаға ақылы бөлімде оқуға түсу үшін оқушы шекті балдан жоғары жинаса жеткілікті. Ал мемлекеттік грантқа түсу үшін 120 балдан жоғары жинау қажет. Еліміз бойынша метеоролог маман даярлайтын 11-ге жуық унсверситет бар. Бірақ біздің өңірде арнайы метеоролог мамандар оқытылмайды.

– Бұрын университетімізде метеоролог маманды дайындайтын арнайы жер учаскесі болған. Онда білім алушыларға қажетті метеоқұрылғының барлығымен қамтамасыз етілді. Участок кейін қысыл-таяң уақытта қараусыз қалып, одан қалды құрылғының тозығы жеткен соң тәжірибе алаңы жабылып қалды. Уиверситетімізде арнайы метеоролог маманын даярламайды, тек география пәні бойынша білім алушыларға метеорология пәні қосымша оқытылады. Сондықтан студенттерге метеорология пәні ұғынықты болу үшін арнайы қаламыздағы Казгидромет мекемесінің филиалына тәжірибеден өтуге жібереміз. Өйткені метеоролог мамандарды дарярлауда тәжірибе алаңының маңызы зор. Негізінде метеорология және климатология – география ғылымдарының бір саласы. Сонымен қатар метеорология су және ауыл шаруашылығы мамандары білуге міндетті пән қатарына кіреді. Тіпті бір жылдары метеорология қажетті пән қатарынан алынып тасталды. Кейіннен қажеттілігі ескеріліп, қайтадан енгізілді. Осы салаға қызығушылық танытатын жастар география пәні бойынша білім алып та, қабілетіне қарай метеоролог бола алады, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университет Жаратылыстану институтының Биология, география және химия кафедарасының аға оқытушысы Оразхан Айдаров.

112: Хатты кім жібереді?

Метеорология саласының басты міндеті – ауа райын алдын ала анықтау. Осы мақсатта метеоролог мамандар 3 сағат сайын ауа райын анықтап, болжап, қысқа мезгілдік ауа райы авиацияға, ғылыми-тәжірибелік мекемеге және төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікке ақпарат береді. Тиісті мекеме метеорологтардың есебіне сай дер кезінде тұрғындарға ескерту жариялайды. Осылайша күні-түні ұялы телефонымызға 112-ден хат келеді. Кейді «осы мамандардың басқа шаруасы жоқ па, неге хабарлама жібере береді» деп ашуланатын кездер де болады. Негізінде мұның барлығы сіз бен біздің амандығымыз үшін қажет.

Желдің жылдамдығын өлшейтін анеморумбометр М63М-1құралы

Көпшілігіміз осы салада қызмет ететін мамандардың қандай жұмыс істейтінін біле бермейміз. Енді ауа райын болжауда арнайы маманның атқарар рөліне тоқталсақ.

– Бала күнімнен бұлттардың қалай пайда болатыны, атмосфералық процестің қалай жүретіні, найзағайдың неден ойнайтыны мені қатты қызықтырды. Осы қызығушылығымның арқасында метеорология саласының маманы атандым. Жалпы бұл саланы үш бағытта бөліп қарастыруға болады. Бақылау, болжау, бағалау. Бақылау жүйесі – ҚР бойынша метеорологиялық стансияларда нақты ауа райын бақылайды және сол мәліметтерді ақпаратты жинау орталығына береді. Болжам жасаушылар, яғни синоптиктер осы мәліметтер негізінде қысқа және ұзақ мерзімді болжам құрастырып, бағалайды. Бақылау бекетінде дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ұйғарымына сай, бақылау әр 3 сағат сайын, тәулігіне 8 рет жүргізіледі. Біздің өңірде 9 метеорологиялық станция бар. Оның 4-еуі агрометеорологиялық, 6 автоматтыметеорологиялық және 1 аэрометеорология. Метеорологтың жұмысы ауысымды, себебі метеорологиялық қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Біз әр 3 сағат ауа, су, топырақ үлгісін алу, желдің жылдамдығын, ауаның ылғалдығын өлшеу үшін кез келген ауа-райы жағдайында сыртқа шығуға жүрексінбейміз. Бұл – біздің басты міндетіміз. Бұл сала басқа салаға қарағанда қызықтырақ. Біз әр жауыннан кейін жауған жаңбырдың мөлшерін өлшейміз. Қар жауса, қардың қылыңдығын да бақылаймыз. Анеморумбометр құрылғысымен желдің бағыты мен жылдамдығын белгілейміз. Жел қатты болған жағдайда, төтенше жағдай жариялаймыз. Аспандағы бұлттың өзінен ауа-райын болжағанның өзі қызық емес пе? – дейді Қазгидромет РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы Гидрометеорология мониторинг бөлімі маманы Индира Байжанова.

Жауын-шашын мөлшерін есептейтін Осадкомер Третьяков құрылғысы

океанология және гидрология

         Мамандар метеорология саласын метеорология және гидрометеорология деп екіге бөледі. Өйткені метеорология океанологиямен және гидрологиямен тығыз байланысты. Өзара салалас бұл ғылымдар негізінен жердің географиялық қабығындағы жылу мен ылғал алмасу процесін зерттейді. Жоғарыда аталғандай, ауа-райын болжау, зерттеу метеорология саласын қамтыса, гидрометеорология түрлі су апатының алдын алуда маңызға ие. Өйткені экономика саласының барлығы дерлік – гидрометеорологиялық және қоршаған ортаның ластануы туралы ақпаратқа мұқтаж. Алматы, Ақтөбе, Астана, Өскемен, Балқаш қалаларында ірі гидрометеорологиялық обсерватория бар. Ауа райын бақылау және болжау орны жетілдірілген аспаптармен, компьютерлік техникамен және байланыс жүйесімен, автоматтық және электрондық қондырғымен, радиолокатормен т.б. құралмен жабдықталған.

– 1992 жылы БҰҰ-ның кезекті отырысында 22-інші наурыз су қорлары күні бекітілген. Су қорының Қазгидромет үшін алатын орны ерекше. Себебі басты өндірістік бөлімшелердің бірі – гидрология. Елімізде 350 гидрологиялық бекет болса, оның 12-сі Қызылорда облысына тиесілі. Сырдария өзенінің бойында 10 су бекеті орналасса, Арал теңізінде 2 су бекеті бар. Күнделікті, үздіксіз, демалысқа қарамай, бұл бекеттерде дарияның су деңгейін, судың өтімін, температурасын, қыстыгүні мұздың қалыңдығын бақылауда ұстаймыз. Гидрометеорологияның басты міндеті – мемлекеттік органның, халықты, экономика салаларын тиісті режимдік анықтамамен қамтамасыз ету. Яғни гидрологиялық болжам арқылы халыққа су алып кету қаупін алдын ала ескертіп отырамыз. Негізінде гидрологиялық бақылау азанғы және кешкі 8-де бақылау жүргізеді. Ал қыс, көктемгі уақытта судың көтерілуіне байланысты 4-6 мезгілдік бақылауға көшеміз. Су бекетінде қолданылатын негізгі гидрологиялық зырылдауық Гр 21м ИСВП құрылғысы. Бұл құрылғы судың өтімін, шығынын есептейді. Бұл құрылғыны екі жылда бір рет тексеруден өткіземіз. Тозығы жетсе ауыстыруға ұсыныс береміз. Ал судың температурасын өлшеуге ТМ4, ТМ10 деген термометр қолданамыз. Одан бөлек, күнделікті судың деңгейін арнайы ГР 104 деген рейкамен өлшейміз, – дейді Қазгидромет РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы І санатты инжинер гидролог Раушан Бейсетаева.

 БРС-1м барометр. Ауа қысымын өлшейтін құрал.

  • Барлық метеостанциялар территория бойынша бір ортаға қарайды. Мысалы, елімізде аудандық станциялар облысқа, олар мемлекеттік метеорологиялық орталықтарға қарайды. Мемлекеттік орталықтар аймақтық орталыққа бағынады. Жер шарында барлығы 25 аймақтық орталық бар. Олардың 3-еуі ТМД территориясында бар.

Ауа райын болжау КҮНӘ мА?

Күнделікті өміріміз, жұмысымыз ауа райы мен климатқа тәуелді. Сондықтан метеоролог мамандар ауадай қажет. Ал мамандардың күнделікті жұмысы қауырт. Желден, судан келетін апаттардан адамзатты ескертіп отырады. Осы тұрғыда көпшілік ауа райын болжау дұрыс емес, яғни шариғатқа қарсы деген пікірде. Ал ғылым – ауа-райын апталық, айлық, мезгілдік болжау адамзат өміріне қажетті екенін алға тартады.

– Метеорология мамандары Алла Тағаланың жаңбырға қатысты бекітіп қойған заңдылығын ғана біледі. Әрине жаңбыр жауудың өзіне тән бұлттың қаптауы, желдің есуі тәрізді белгісі бар. Егер ауа-райын болжаушы мамандар бұлттың қаптағанын, желдің есуін, ауаның ылғалдығын көрсе, онда мынадай уақытта жаңбырдың жауады деп айтады. Спутниктік технологиямен желдің, бұлттың биік немесе төмен қозғалысын алдын ала есептеу ғайыпты білу деген сөз емес. Керісінше ол себептерге сүйеніп, алдын-ала бір нәрсеге үкім беруге жатады. Имам Мәликтің «әл-Муатта» атты кітабында: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) егер теңіз жақтан бұлт көрінсе, кейін Шамға қарай бағытталса, онда ол нөсерлі жаңбырдың белгісі» деп айтқанын келтірген. Бұл тәжірибенің, бақылаудың нәтижесінен жаңбырдың жауатынын хабарлау көместі білгенге жатпайтынына дәлел. Алла Тағала қияметтің қашан болатынын, жаңбырдың қай уақытта жауарын, жатырдағы баланың жынысын, адамның ертеңгі күнін және қашан, қай жерде өлетінін, бұлардың барлығын болмай жатып та, себебі көрінбей тұрып та біледі. Бұны Алладан басқа ешкім білмейді. Алайда олар жүзеге асқаннан кейін немесе алдын-ала себептерге, тәжірибеге сүйеніп пенделер де білуі мүмкін. Өйткені Алла Тағаланың ілімі адам баласы жаңбырдың жауарын ғылымға сүйеніп білгеніндей себептермен шектеліп қалмаған. Ескеретін жайт, бұл мәселеде ешкім нақты жаңбыр жауады деп кесіп айтпайды. Керісінше жаңбыр жаууы мүмкін деп хабарлайды. Дегенмен ауа-райы болжамының басым көпшілігі күнделікті өмірімізде жүзеге аспай жатқанын байқаймыз. Жаңбыр міндетті түрде жауады деп кесіп айту ақиқатқа қайшы. Біздің сенімімізде бүкіл істің барлығы Алланың иелігінде, жаңбырдың қашан жауатынын Алладан басқа ешкім білмейді. Осыған орай, «жаңбырдың жаууы күтілуде» деп, одан кейінгі істі Аллаға тапсыру дін және ғылым тұрғысынан дұрыс болмақ, – дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

Рас, синоптиктер ауа-райы болжамын бергенде «күн суытуы мүмкін, жаңбыр жаууы ықтимал» деп болжайды. Нақты кесіп айтпайды.

Бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Күнде бірқалыпты ауа-райы болса, өмір қызықсыз емес пе?! Жапалақтап жауған қар, күннің күркіреуі, жаңбырдан кейінгі кемпірқосақ, самал желдің соғуы адамзат өмірін қызықты етеді. Сондықтан табиғат құбылысының адам өмірінде алар орны ерекше. Ал осы салада күн-түн демей, аянбай еңбек ететін метеорологтардың ісі көп үлгі екені сөзсіз.

  • Ит жауырыннан түлесе, қыс жайлы болды, бауырынан түлесе, қыс қатты болады.
  • Жылқы батысқа қарап, танауын шүйіретін болса, батыстан жел соғады, шығысқа қараса, шығыстан жел соғады.
  • Қарлығаштың жоғары-төмен ұшуы да көп нәрсені аңғартқан. Жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады деп топшалаған.
  • Құмырсқа илеуін бекітіп, жатып алатын болса, дереу ойдағы үйлерді сел жүреді деп дөңге шығарған.
  • Жылан, құрт-құмырсқа сынды ұсақ жәндіктер індерін тастап, көше бастаса, жер сілкінеді.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!