Фото: Ақтөбе ТЖД

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздарды су басқан өңірлердегі инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сәуір айында Қазақстанның бірқатар облысын су басып, көп қазақстандық баспанасыз қалды. Осы тұста еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Бірге салайық!» жобасы шеңберінде азаматтарды жұмысқа орналастыруды сүйемелдеу жөніндегі арнайы платформа әзірледі.

“Бұл Enbek.kz электронды еңбек биржасындағы жаңа модуль болады. Осында жұмысқа орналасуға және өңірлерге тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге көмектесуге ниет білдірген кез келген адам бос орындармен танысып, өзіне ұнаған кез келгеніне ынта білдіріп, әңгімелесуден өте алады. Қазір платформада 42 бос жұмыс орны бар”, – деп мәлімдеді ведомство.

Құрылыс компаниялары ұсынатын бос жұмыс орындарын Электронды еңбек биржасынан көруге болады.

«Бұл жобаның маңызы сол, біз жұмыс табуға және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге қатысуға ниет білдірген әр адамды жедел жұмысқа орналастыру үшін цифрлық ортаны қамтамасыз етеміз. Қазір біз жұмыс берушілер базасын және бос жұмыс орындарын толықтырумен айналысып жатырмыз. Өңірлер үшін кім-кімнің де қатысуы өте маңызды. Өйткені қазір білікті мамандар да, бейінді білімі жоқ мамандар да қажет екенін айта кету керек», – деп атап өтті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды жобаға қатысуға және зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру үшін атсалысуға шақырады. 

Еске сала кетейік, су тасқыны салдарынан Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары мен инфрақұрылымы зардап шекті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!