1986 жыл еліміздің өткені мен бүгінгісінің арасын байланыстырған желтоқсан оқиғасымен есте қалды. Бұл тәуелсіздік туын желбіретуге серпін берген оқиға болды. Ол кезде мен Алматы қаласында Алматы ше- тел тілдері педагогикалық институтының француз тілі факультетінің ІІ курс студентімін. 18 жаста едім.
16 желтоқсан күні сабақ болады деп аудиторияда отырдық. Оқытушымыз келе қоймады. Топта 10 студент оқимыз: 2 ер бала, 8 қыз бала. Ер баланың бірі Абай Омаров армия қатарына барып келген, ересектеу жігіт. Сол жігіт келіп, «алаңға барамыз, жиналыңдар» деді. Қайдан, кімнен естігенін түсіндірген жоқ. Жастардың алаңға жиналып жатқанын айтты, оны естіп, біз де шықтық. Көшеде ешқандай трамвай, автобус, тролейбус жүріп жатқан жоқ. Әр жерде тоқтап тұр. Республика алаңындағы жастар «Менің Қазақстаным» әнін айтып жатты, біз де қосылдық. Біраз жігіттер алаңға жиналудың себебін айтып, түсіндіріп жүрді.
Дінмұхаммед Қонаевты орнынан алып тастап, орнына Г.Колбинді қойды дегенді естіп, көптің бойын ашу-ыза кернеді. Оны көзбен көрдік. «Әр ұлтқа – өз көсемі» деп айқайлап тұрдық. Жастар Қазақстанда қазақ басшы болу керек деген оймен әділетсіздікке қарсы тұрды деп ойлаймын. Сол жастардың арасында жүргенім рас. 16-17 желтоқсан алаңда жүрдік. 16 желтоқсан ән айтып, үлкендердің әңгімелерін тыңдап қайттық. Ал 17 желтоқсан күні барғанымызда алаң курсанттармен қоршалған, алаңға ешкімді өткізбеді. Су шашқан өрт сөндіру машиналармен жастарды қуып жатты. Алыстан келе жатқан БТР машиналарын көріп тұрдық. Бір кезде бізге қарай келе жатқан милиция курсанттарын көріп, жан-жаққа қаша бастадық. Бәріміз Абай даңғылына келген кезде, жанымда келе жатқан қыздар: «Майра, басыңа не болды? Ауырмай ма?» деген кезде түсінбедім. Қолыммен басымды сипасам, қолым қан болды. Ет қызумен білмегенмін бе, әлде жанталаса жүгіргенмін бе, қашан қалай таяқ тигенін білмеймін. Қасымда қыздар жиналып, тиын жинап, дәріханадан йод, дәке алып, басымды байлап берді. Жатақханаға бәріміз бас киім киіп, сырт киімдерімізді қолымызға ұстап кірдік. Өйткені менің пальтомның арты қан болып қалыпты. Сол күні тек мен емес, арқасы, жамбасы көгерген, ісіп кеткен біраз қыздар болды. Сол күннен бастап, жатақханада мұғалімдердің кезекшілік кестесі, сабақтардың сол жатақханада өтуі ұйымдастырылды. Сабақта барлығымыз бас киіммен отырдық, бұл мені қолдаған группаластарымның іс-әрекеті болатын.
Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастауы болған сол бір тарихи сәтті жадымыздан шығармақ емеспіз. Бейбіт өмірімізге бастау болған желтоқсан оқиғасының сыры көп…
Майра Орғараева,
Желтоқсан куәгері ,
С.Ысқақов атындағы Қызылорда
құрылыс және бизнес колледжінің
өндірістік оқыту шебері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!