Қазақстанда 2025 жылдан бастап мобильді аударымдар бойынша салықтық бақылау күшейтіледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Учёт.kz-ке сілтеме жасап.
Мобильді аударымдарға салықтық тексеріс қандай жағдайда болуы мүмкін?
Комитет мәліметінше, жеке тұлға 3 ай қатарынан 100-ден астам әртүрлі адамнан жалпы сомасы 3 ЕТЖ (2025 жылы 255 000 теңге) асатын мобильді аударым алса, бұл салық органдарына оның кәсіпкерлікпен заңсыз айналысатыны туралы ойлауға негіз береді.
Салықтық тексеруден сақтану үшін не істеу керек?
Кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес адамдарға салықтық тексеру тәуекелдерін азайту үшін келесі критерийлерге назар аудару ұсынылады:
- Бір жеке тұлғаға ай сайын 100-ден астам әртүрлі адамнан аударым түссе;
- Аударым сомасы 3 ай қатарынан 3 ЕТЖ-дан асса.
Банк мәліметтерінің берілу кезеңдері
Қазақстанда екінші деңгейлі банктер мобильді аударымдар туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетіне кезең-кезеңімен береді:
- 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары бойынша;
- 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша;
- 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер (ЖК), заңды тұлға басшылары және олардың жұбайлары бойынша;
- 2026 жылдан бастап – қалған азаматтар бойынша.
Салық заңнамасын бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?
Кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқан жағдайда:
- Алғашқы бұзушылық үшін – 15 АЕК (2025 жылы 58 980 теңге);
- Қайталанған жағдайда – 30 АЕК (2025 жылы 117 960 теңге).
Салық салынатын нысандарды жасыру:
- Төленуге тиісті салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің 200%-ы мөлшерінде айыппұл.
Чек бермеу:
- Бірінші рет – ескерту;
- Қайталанған жағдайда – 30-40 АЕК (2025 жылы 117 960-157 280 теңге).
Салықтық бақылаудың мақсаты
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, кәсіпкерлердің мобильді аударымдарды пайдаланып, салық төлемеуі мемлекеттік бюджетке айтарлықтай зиян келтіреді. Жаңа есептілік жүйесі жасырын табыстарды анықтауға және адал кәсіпкерлер үшін ашық бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!