Фото: видеодан скриншот

Ресей, Моңғолия мен Өзбекстандағы қандастарымыз еліміздегі еріген қар суынан және тасқыннан зардап шеккен халықтың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, көмек қолын созып жатыр, деп хабарлайды sadaqmedia.kz.

Ресейдің Омбы облысындағы қандастарымыз Солтүстік Қазақстан облысына жүк көлігіне тиелген азық-түлік, киім-кешек пен басқа да заттарды әкеліп жатса, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының тұрғындары да көмек беріп, қайырымды іске атсалысуда.

Қазақстанға гуманитарлық көмек мәселесін алғашқылардың бірі болып Баатаржав Жүкей есімді азамат көтерді. Ол Моңғолия қазақтарына Қазақстандағы бүгінгі қиын жағдай барша қазақтың басына түскен сын екенін айтып, үндеу жолдады.

«Моңғолия қазақтары – атажұрттың шарапатын көп көрген елміз. Сонау төңкерістен бастап, 30-40-жылдардағы оқу-ағарту, өнер, мәдениет, театр, баспа саласындағы жасаған жақсылықтарын айтып тауыспаспыз. Тіпті, 80-жылдардың соңына дейін жолдаған том-том кітаптар, тонна-тонна оқулықтар, тең-тең газет-журналдар біздің рухани өсіп-жетілуімізге өлшеусіз үлес болды. Нарықтың алғашқы қиын кезіндегі 5 мың тонна бидай көмегі, 2016 жылғы сел апатында Бас министрдің өзі келіп, қомақты көмек көрсеткенін ұмытпауымыз керек. Қазақ елі әлемдегі бар қазақты бауырына алып, басына үй, алдына малын салып, квота көмегін көрсетіп, баласын грантпен тегін оқытып беріп отыр. Қазақ еліндегі бүгінгі қиын жағдай – бар қазақтың басына түскен сын», – деді ол. 

Осыдан кейін оның үндеуіне шетелдегі қандастарымыз қосыла кетті. Өлгий сұмынының жалпы білім беретін №1 мектебінен Жанар Ясымханқызы жетекшілік ететін 6 «Б» сынып оқушылары су тасқынына ұшыраған аймақтардағы балаларға арнап, 200 мың төгрөг (1 төгрөг – 0,13 теңге) жинап берді. Олар да үндеу жолдап, оны видеоға түсіріп, ел-елге, жер-жерге жіберді.

Біз күнделікті тәтті заттарға сатып алатын ақшамызды Қазақстандағы достарымызға жібереміз, – деді оқушылар.

Соның нәтижесінде бүгін акция басталғаннан бергі 5 тәулік ішінде 5 043 048 төгрөг жиналды. Баян-Өлгий аймағы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кеңшілік Ақбапиұлы су тасқынына ұшыраған облыстардың халқына көмек көрсету одан әрі жалғасып жатқанын айтты.

Ташкент қазақтары да гуманитарлық көмекке ақша жинауды бастады.

«Қазақстандағы бауырларымызға жәрдемге қаражат жинай бастадық. Қолдан келгенше өз көмектеріңізді беріңіздер», – деді Өзбекстан астанасында тұратын белсенді қандастар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!