Авторлық құқық саласына мән берсек бұл саланың біршама маңызды бағыттарды қамтитынына көз жеткіземіз. 1996 жылғы 10 маусымда қабылданған «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР-ның Заңы санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi. 

Аталған Заңның 4-тарауы мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару саласын реттеуге арналған.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару дегеніміз не?

Кез келген автор (оның мұрагерi) өздерiнiң мүлiктiк құқықтарын мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымға беруге құқылы, ал ұйым, егер құқықтардың мұндай санатын басқару осы ұйымның жарғылық қызметiне жататын болса, бұл құқықтарды ұжымдық негiзде жүзеге асыруды өз мойнына алуға мiндеттi. Алайда, аталған ұйымдардың коммерциялық қызметпен айналысуға, сондай-ақ ұжымдық негізде басқару үшін алған туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыруға құқығы жоқ.

Мұндай ұйымдарды тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері құрады және ұйымдар солардан алған өкілеттіктер шегінде жарғы негізінде әрекет етеді.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, атап айтқанда, ұжымдық басқарудың мынадай салаларында:

1) көпшілік алдында орындалуына, жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру, оның ішінде ретрансляциялау арқылы хабарлауға қатысты жарияланған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындылардың үзінділеріне айрықша құқықтарды басқару;

2) дыбыстау-бейнелеу туындыларында пайдаланылған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындылардың авторлары болып табылатын композиторлардың осындай дыбыстау-бейнелеу туындыларын көпшілік алдында орындау немесе жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

3) бейнелеу өнерінің туындыларына қатысты қадағалау құқығын басқару;

4) авторлардың, орындаушылардың, фонограммалар және дыбыстау-бейнелеу туындыларын шығарушылардың фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жеке мақсатта әрі табыс алмастан қайта шығару үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

5) орындаушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

6) фонограмма шығарушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

7) жарияланған туындыларды көшіруге (репрографиялық қайта шығаруға) құқықтарды басқару;

8) эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының көпшiлiк алдында орындау үшін, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе коммерциялық мақсаттарда жарияланған өз хабарларын эфирде беру үшiн сыйақы алу құқықтарын жүзеге асыру салаларында құрылуы мүмкiн.

Осы алынған өкiлеттiктер негiзiнде мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйым туындыларды және сабақтас құқықтар объектiлерiн пайдаланудың тиiстi тәсiлдерiне пайдаланушылармен лицензиялық шарттар жасасады. Мұндай лицензиялық шарттардың талаптары бiр санаттағы барлық пайдаланушыларға бiрдей болуға тиiс.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі мұндай ұйым өкілі болатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің мүддесіне сай жүзеге асырылады. Бұл мақсатта ұйым:

       1) авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне сыйақы төлеумен бірге олардың құқықтарын пайдаланғаны туралы, оның ішінде жиналған сыйақы мөлшері туралы және одан ұсталған сомалар туралы мәліметі бар есептерді ұйымның интернет-ресурсындағы жеке кабинет арқылы беріп тұруға;

      2) жиналған сыйақыны авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне бөлу және төлеу үшін пайдалануға міндетті.

      3) жиналған сыйақы сомасын туындылардың және сабақтас құқықтар объектілерінің нақты пайдаланылуына қарай барабар бөлуге және қазақстандық авторлық және сабақтас құқықтарды иеленушілерге – тоқсанына кемінде бір рет және осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдарға жылына кемінде бір рет төлеп отыруға міндетті.

      4) құқық иеленушілер туралы, оған басқаруға берілген құқықтар туралы, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтар объектілері туралы мәліметтер қамтылған тізілімдерді қалыптастыруға міндетті.

      5) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі туралы хабар беру мақсатында интернет-ресурс құруға, интернет-ресурстың тәулік бойғы режимде қолжетімділігін, онда орналастырылатын ақпараттың ашықтығын, сондай-ақ осындай ақпараттың өтеусіз негізде берілуін қамтамасыз етуге;

      6) авторлық немесе сабақтас құқықтар объектісінің атауын, автордың немесе өзге құқық иеленушінің атын, ал мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен өзара мүдделілік білдіру туралы шарттар бойынша құқықтар берілген жағдайда – осындай ұйымның атауын қоса алғанда, өзіне басқаруға берілген құқықтар, сыйақы мөлшерлемелері туралы ақпаратты интернет-ресурста орналастыруға;

      7) ұйым өкілдері туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыруға;

      8) уәкілетті органға жіберілетін есептерді Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында, өзінің интернет-ресурсында жария етуге;

      9) пайдаланушының атауын және оның тұрған жерін, сондай-ақ осындай шарттың жасалған күнін қоса алғанда, пайдаланушылармен жасалған шарттар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыруға;

      10) Қазақстан Республикасының аумағында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдармен өзара мүдделілік білдіру туралы шарттар жасасуға;

      11) уәкілетті органды жалпы жиналыс өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жалпы жиналыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында хабардар етуге, сондай-ақ оған қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.

Қорыта айтқанда, ұжымдық басқару ұйымдарының негізгі қызметі – ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар немесе өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған.

Шахар Бегежанова
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
бөлім басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!